Қазақстанда COVID-19-ға қарсы ревакцинация басталды. Ревакцинацияға бірінші кезекте халықтың осал топтары – медицина қызметкерлері, мұғалімдер, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері мен контингенті, жабық балалар мекемелері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері жатады. Ревакцинация екі кезеңде өтеді. Маңызды науқан барысы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында ортаға салынды.
Ал «Pfizer» вакцинасын қабылдағандар саны 7 мынан асқан. Дәрігерлер жасөспірімдерді медициналық тексеруден өткізіп, қарсы көрсетілімдері болмаған жағдайда екпе егуде. Қазіргі уақытта облыс бойынша 5 мыңнан астам жасөспірім, 1 мыңнан астам жүкті және лактация кезіндегі 500-ге жуық әйел «Pfizer» екпесін алды. «Pfizer» екпесі 12-ден 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге, жүкті әйелдер мен лактация кезеңіндегі әйелдерге ерікті түрде салынады. Яғни, профилактикалық екпе азаматтардың өз келісімімен ғана жүргізіледі. Ал жасөспірімдерді вакцинациялау тек ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен жүзеге асады. Айта кетейік, Түркістан облысына «Pfizer» вакцинасының 17550 дана мөлшеріндегі екінші партиясы жеткізілген.
Облыс бойынша соңғы 2 аптада коронавирустық инфекциямен жалпы аурушаңдықтың төмендеуі жалғасты. Аурушаңдық 34 пайызға төмендеген. Мобильді топтар тарапынан 2,5 мыңнан астам нысан араланып, 33 баянат түскен. Алдыңғы айдағы баянаттармен қосылып, жалпы 50 айыппұл хаттамасы толтырылған. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ауру қарқыны бәсеңдегенмен қауіпсіздік іс-шараларын тоқтатпауды, тәртіпті босаңсытпауды тапсырды.