«Қазақстан аруы — 2021» байқауының ресми сайтында халықтық дауыс беру басталды, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бірінші онлайн-дауыс беру жеңімпаздары автомат түрде финалистер қатарына кіреді. Осылайша, биыл сұлулық байқауына бірінші ресми қатысушыны халық және 14 финалистті қазылар алқасы мүшелері таңдайды. Тағы бір финалист — таланттар байқауының жеңімпазы болады.
Байқаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін қазылар алқасы гранд-финалға өтетін 5 аруды таңдайды. Олар өзі туралы айтып береді. Одан әрі тікелей эфирде тағы бір дауыс беру жүреді, онда қазақстандықтар бес арудың ішінен жеңімпазды таңдайды.
25-рет өткелі тұрған «Қазақстан аруы» байқауының финалы 16 қарашада өтеді. Онда бүкіл республикадан жиналған 28 финалист тәж үшін күреседі.
Тікелей эфир «Қазақстан аруы» байқауының ресми YouTube-арнасында көрсетіледі.