Қазақстан мен Әзербайжан арасында тұрақты әуе қатынасы қалпына келтірілді, деп хабарлайды ADYM.KZ Egemen.kz басылымына сілтеме жасап.
Атап айтқанда, 2021 жылғы 7 қарашадан бастап «Air Astana» әуе компаниясы «Embraer Е190 – Е2» әуе кемесімен Алматы-Баку бағытында ұшуды жоспарлап отыр. Рейс аптасына 2 рет – бейсенбі және жексенбі күндері орындалады.
Сонымен қатар, «Әзербайжан Хава Йоллары» әуе компаниясы 2021 жылғы 6 қарашадан бастап «А – 319» әуе кемесімен Алматы-Баку бағытында ұша бастайды. Рейс аптасына 1 рет – сенбі күні орындалады.
«Әзербайжанмен арадағы әуе рейстерінің санын арттыру эпидемиологиялық жағдайға, ведомствоаралық комиссияның шешімдеріне және Әзербайжанның тиісті мемлекеттік органдарының шешімдеріне байланысты қабылданады. Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компанияларының сайтында жарияланған кестеге сәйкес орындалады», делінген министрлік сайтында.