«Талибан» қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған) арнайы күштер батальонын Кабул әуежайының қоршауына жиналған халықты тарату үшін жіберді. Мыңдаған ауған елден ұшып кетуге тырысып жатыр. «Талибан» бұйрығымен барлық азаматтық рейс тоқтатылды, әуежай екі күнге жабылады, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
22 тамызда әуежай маңындағы дүрбелең кезінде жеті адам қаза болған. Соңғы күндері кем дегенде 20 адам түрлі оқиға салдарынан қаза болды. Содырлар әуе айлағындағы жағдайға жауапкершілікті АҚШ-қа жүктеп отыр.
АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин Пентагон президент Джо Байденге 31 тамызға дейін белгіленген эвакуация мерзімін ұзарту жөнінде ұсынымдар беретінін айтты.
«Біз жағдайды бағалап отырмыз және мүмкіндігінше көп адамды аэродромға көшіру үшін бар күшімізді саламыз. Межелі күнге жақындап қалғандықтан президентке ұсыныстар дайындаймыз. Біз АҚШ азаматтарымен байланысу үшін және олардың аэродромға жетуіне көмектесу үшін әртүрлі әдісті қолданамыз», — деді ол.
АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Ауғанстаннан адамдарды эвакуациялау үшін америкалық әуе тасымалдаушыларға тиесілі азаматтық ұшақтарды қолдануды ұйғарған.
Ал, билікті басып алған тәліптер жақын арада жаңа үкіметті жариялауға уәде берді.Айта кетейік, бұған дейін Кабул әуежайы маңында дүрбелең мен тәртіпсіздік күшейгені хабарланған болатын.
15 тамызда Қазақстанда тыйым салынған «Талибан» қозғалысы Ауғанстанда билікті басып алды. Мыңдаған адам елден кету үшін әуежайға бет алды. Олардың арасында ұшып бара жатқан ұшақтарға жабысқандары да болды. Кейін ұшақтан құлаған адамдар түсірілген видео Желіде пайда болды.