Нұр-Сұлтанда вакцинация алғандар арасында екі iPhone12 және басқа да құнды сыйлықтардың жеңімпаздары анықталды, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қала әкімдігі COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина салдырғандар арасында екі iPhone12 ұялы телефонының және түрлі демеушінің сыйлықтарының ұтыс ойынын өткізді.
Кеше, 9 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшаларында (Facebook, YouTube) сағат 20:00-де вакцинацияланған азаматтар арасында екі iPhone12 ойнатылды. Бірінші ұтыс ойынына вакцинация басталған сәттен бастап 6 шілдеге дейін екпе алғандар қатысты. Оның барысында 259 мың 115 адам вакцина алды.
Ұтыс иегерлерін анықтау үшін Birge платформасында арнайы рандомайзер қызметі орнатылып, ол жеңімпаздарды ID арқылы таңдады. Бұл сервис Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтерімен біріктірілген.
Сонымен осы аптада екі iPhone12 телефонының иегерлері:
Жадауова Жанар Абилдаевна (ID нөмірі: 79642);
Сорокина Тамара Ивановнаға (ID нөмірі: 203369).
Елорда әкімдігі жаздың соңына дейін апта сайын iPhone12 телефонының екі данасын ұтысқа қояды. Осылайша жалпы саны 20 iPhone смартфоны ұтысқа қойылады.
Әкімдік мәліметінше, ұтыс ойыны мұнымен бітпейді.