#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

«Birgemiz» қорымен Шымкенттік 40 мың отбасыға бір реттік көмек берілді

«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі М.Әйтеновтің қатысуымен «Nur Otan» партиясы активінің бейнеконференция мәжілісі өтті.

«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі М.Әйтеновтің қатысуымен «Nur Otan» партиясы активінің бейнеконференция мәжілісі өтті. Жиын барысында Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» республикалық қоғамдық қорымен атқарылып жатқан жұмыстар мен ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың төтенше жағдай кезінде халықты әлеуметтік қолдау шаралары, партия Төрағасының Бірінші орынбасары Б.Байбектің Шымкентке жасаған іссапарында және ҚР Премьер-министрі А.Маминнің азаматтарды қабылдау кезінде берген тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды.

Мәжілісте сөз алған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Н.Ергешбек төтенше жағдай кезінде коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеуге 1,5 млрд. теңге қаржы қаралғанын айтты.
«Төтенше жағдай кезеңінде коммуналдық қызметтер шығындарын өтеу бойынша бүгінгі таңға 17 586 азаматтың өтінімі мақұлданып, мамыр айына жоспарланған 8 333 азаматқа төленген. Қалған өтінімдер бойынша жұмыс жүргізілуде»,-деді Н.Ергешбек.
Үкімет басшысы тапсырмасының орындалу барысын баяндаған Әл-Фараби ауданы әкімі Ғ.Мәуленқұлов қаладағы №195 орам тұрғындары жыл соңына дейін сапалы ауызсумен қамтылатынын жеткізді. Аталған орамда электр желілерінің құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталған. Ендігі кезекте нысанды электр қуатына қосу және абоненттеу жұмыстары жүргізілуде.

Ал, өртке оранған М.Водопьянова көшесіндегі №1а көпқабатты үйдің құрылысы жөнінде Абай ауданының әкімі Б.Парманов мәлімдеді. Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде 42 отбасы баспанасыз қалған. Мүлдем баспанасы болмаған 22 отбасы жатақханамен қамтылып, қалғаны туыстарына жайғастырылған. Ал 25 отбасыға 1 млн теңгедей қаржылай көмек көрсетілген. Қазір 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, қыркүйекте толығымен пайдалануға беріледі деді.

Актив отырысында Қаратау ауданының әкімі А.Әліқұлов «Таскен», «Азат» шағынаудандарындағы инженерлік коммуникациялық жүйелер құрылысының барысын айтып өтті. Аудан әкімдерінің баяндамасын тыңдаған қала басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың өз мерзімінде және сапалы аяқталуын қатаң ескертті.

Бұдан бөлек, жиында сөз алған «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б. Нарымбетов «BizBirgemiz» республикалық акциясы мен «Birgemiz» қоғамдық қоры аясында атқарылған жұмыстарды баяндады.

«Birgemiz» республикалық қоғамдық қорынан 40 мыңнан аса қала тұрғынының жеке есепшоттарына 50 мың теңгеден жалпы 2,8 млрд теңге қаражат аударылды. Ал «BizBirgemiz» акциясы аясында 8 мыңнан аса отбасы азық-түлік жиынтығымен қамтамасыз етілді және 1 млн маска тегін таратылды. Қаладағы су басу апатынан зардап шеккен «Елтай» елдімекеніндегі 60 отбасыға азық-түлікпен гигиеналық заттар таратылды»,-деді Б.Нарымбетов.

Оның айтуынша, «BizBirgemiz-Мақтаарал» акциясы аясында су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал тұрғындарына Шымкент қаласынан 127 тонна азық-түлік, гигиеналық заттар, 5100 азаматқа аяқ киім мен төсек орындар, 400 дана кілем жөнелтілген. 20 үйдің құрылысы жүруде. Жалпы 81 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек берілді.

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының іске асырылуына партиялық бақылау орнатылды. Бағдарламаны жүзеге асыруға республика бойынша 1 трлн.теңге қаржы жоспарланып, оның ішінде Шымкент қаласына 45,3 млрд.теңге бөлінді. Жоспар бойынша 224 инвестициялық жобаларда қалада 8380 жұмыс орындары құрылады. Бүгінгі күнге 190 жобада 2 641 жұмыс орындары ашылып, жұмыспен қамту орталығы арқылы 1 036 адам жұмыспен қамтылған.

Филиал төрағасы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, партия белсенділеріне Елбасы тапсырмалары мен жүктелген міндеттерді сапалы әрі уақтылы орындауды тапсырды. Сонымен қатар, «BizBirgemiz» республикалық акциясы арқылы халықтың әлеуметтік аз қорғалған тобына ерікті демеушілік көрсететін кәсіпкерлерді тарта отырып, Шымкент қаласында қайырымдылық жұмыстарын одан әрі жандандыру керектігін баса айтты.

Соңғы жаңалықтар