САЙРАГҮЛДІҢ СОТЫ. МЕРУЕРТ ТҮСІПБАЕВА: «АНАСЫ МЕН БАЛАСЫН АЛЛА ТАҒАЛА ҒАНА ӨЗІНІҢ ӘМІРІМЕН АЙЫРА АЛАДЫ» (Видео)

«Жаркент қаласының аудандық сотында отбасымен қауышу үшін Қытай мен Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен Сайрагүл Сауытбайдың сот отырысы өтті. Аталған сот процесіне отандық эстрада жұлдызы Меруерт Түсіпбаева қатысып, БАҚ өкілдеріне Сайрагүл ісіне байланысты азаматтық ұстанымын білдірді», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі   qazaquni.kz сайтына сілтеме жасап.

1424
Сот алдында әйгілі әнші Меруерт Түсіпбаева журналистерге сұxбат беріп, аталмыш мәселеге қатысты өз ойын жеткізді.
«Қазақта бір ән бар. «Теңізді де кешіп өтіп жетпей ме?. Жан ботасын сағынғанда, ару ана», дейді. Сайрагүлдің қандай қиындықтар болса да шекараны кесіп өтіп, ұл-қызымен қауышамын деген сезімін ана ретінде түсініп отырмын. Себебі, мен де бала тәрбиелегендіктен Қазақстанды дүр сілкіндірген сот отырысына қатысып отырмын. Бұл оқиғада өзін қазақпын деген азамат бейқам жатуы мүмкін емес деп ойлаймын.
Ана мен баланы Алла Тағала ғана өзінің әмірімен бір-бірінен айыра алады. Ал, адамдардың ана мен баланы айыруға еш құқығы жоқ. Бүгін мен әнші ретінде емес, барлық қазақстандық аналардың атынан әйелдердің, аналардың құқығын қорғайтын ұйымдардың атынан айтқым келеді. «Ана мен баланы айыруға ешкімнің де құқығы жоқ», деді отандық эстрада жұлдызы Меруерт Түсіпбаева.
Жаркенттегі Панфилов аудандық сотында прокуратура мен айыптаушы тарап уақыт сұрағандықтан сот 2018 жылдың 1 тамызына шегерілді.
Сот отырысына елдің әр өңірінен журналистер мен қоғам белсенділерінен 100-ге жуық адам жиналды.
Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспан соттың кейінге шегерілуінен күдіктенудің қажеті жоқ дейді. Танымал заңгер, сондай-ақ, қандасымыздың елде қалуы керектігін баса айтып, бұл істің мән-жайына қатысты мәлімдеме жасады.