ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СПОРТТЫҚ АКЦИЯ ӨТТІ

"Шымкентте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасына қолдау білдіру мақсатында «Challenge. Сенің жаңа қырың!» республикалық спорттық акциясы өтті", деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі қалалық ішкі саясат бөлімі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап.

1544

Аталған акцияға қала тұрғындары, студенттер, оқушылар, БАҚ өкілдерімен қатар, қаламыздың танымал үздік спортшылары Мұxтарxан Ділдәбеков, Біржан Жақыпов, Ерсұлтан Мұзаппаров, Роза Абитовалар қатысып, акцияға қолдау білдірді. Спорттық шараға жалпы 1000-ға жуық адам белсенділік танытып, жаттығулар жасады.
Іс-шараның басты мақсаты – қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау және спортқа деген қызығушылықты арттыру болатын.
Шараға Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Н.Әбдіқұлов белсене қатысып, қатысушыларды салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен шұғылдануға шақырды.
Ал, жыл бойы белсенділік танытқандар да ескерусіз қалмады. Республикалық «Challenge. Сенің жаңа қырың!» спорттық акциясының белсенді қатысушылары болып Асхат Нурлыбаев, Диана Мирсиева танылса, «Ең үздік спорттық команда» марапаты «TVK» телеарнасына бұйырды.
Осылайша шымкенттіктер салауатты өмір салтын насихаттауға өз үлестерін қосты.