ЖУРНАЛИСТ – ҚОҒАМНЫҢ АҒАРТУШЫСЫ, ОЛАРДЫҢ БАР ЕҢБЕГІ САУАПТАН ТҰРАДЫ

1755
Иса ОМАР, «Замана» Баспа үйі редакторлар кеңесінің төрағасы

—Иса Омарұлы, сіз құрылтайшы болып отырған «Замана» газеті жақында  20 жылдық мерейтойын атап өтті. Бүгінгідей ақпарат нөпірі артып тұрған кезеңде тәуелсіз басылымдардың жұтылып кетпей өмір сүруі қиын шығар….
—Әрине, өзің айтқандай ақпараттық заманда кәсіби журналистер жұмыссыз қалмайды деп ойлаймын. Керісінше біз мұндай жағдайда «филтр» — сүзгі бола білуіміз керек. Себебі, ақпараттар ағынымен құндысы да құнсызы да, оқырманған керектісі де керексізі де ағып өтіп бара жатыр. Сол ағыстың арасынан ең маңыздысын іріктеп ала алатындай болсақ, оны сұрыптап, жандандырып, оқырманға жеткізе алатындай болсақ, бағамыз өсе түседі деп ойлаймын.
Ең бастысы – оқырманға ақпарат тарату екенін ұмытпасақ деймін. Анық-қанығын, мән-жайды жан-жақты көрсете отырып оқырманға ұсынған жөн. Бір жақты кету, болған оқиғаны бұра тартып ақпарат беру кәсіби журналистке жараспайтын тірлік. Осыны ұмытпау қажет.
Ал, осы істе аянбай тер төгіп, күні-түні оқырманға ақпарат таратып жүргендердің бәрін жаппай журналист дей алмаймын. Ақпарат тарату бірінші планға шыққан қазіргідей кезеңде оны кез-келген адам үйінде отырып та тарата беретін болып алды. Бәлкім бұл да керек шығар. Заман ағымы осыған әкеліп тұрған да болар.
Оның үстіне біз кәсіби журналистер бұрын ат төбеліндей ғана қауым едік қой. Біз көбінде халыққа ресми, анық-қанығына көз жеткізілген ақпараттарды жеткізетінбіз. Қазір кез-келген адам, кез келген жерден ақпарат, тіпті тікелей эфирде жаңалық тарата беретін болып алды. Ол аз десеңіз, бір мезетте, бір жерден, бір оқиғаны мың адам тікелей эфирде жүргізіп тұрғанын көріп жүрміз. Мұның жақсы жағы да бар шығар… Бұрын біз тікелей эфир деген тек телеарналардың ғана жұмысы деп қарайтынбыз. Оның өзінде тікелей эфирдегі ақпараттар, жаңалықтар біз үшін көп ретте қызықсыз болып көрінетін.  Яғни, кәсіби журналистерге ақпарат таратудың осы бір заманауи үлгісін меңгеруге, бейімделуге тура келетін шығар… Себебі, оқырманның көңілінен шығуды басты мақсат етіп алатын кез-келген басылымға осылай етуге тура келеді. Бұл оқырманнан айрылып қалмау үшін, журналистің басты миссиясы оқырманға қажетті ақпаратты дер кезінде беріп отыру үшін де өте қажет.
— Алайда, ақпараттың көптігі сонша, оның барлығын қамту, оқырманған дер кезінде жеткізу оңай емес сияқты…
—Редакцияда 100 адам болсақ та бүкіл ақпаратты қамту мүмкін болмайды. Сондықтан газетке атсалысатын авторлар тобын қалыптастыру қажет. Ол авторлардың бірі шетелде болуы, енді бірі ауылда тұруы, қалада жүруі де мүмкін. Жан-жақты, түрлі тақырыпта өз ойын, пікірін ортаға сала алатын авторларды тартуға күш салуымыз керек. Мамандығы журналист болмаса да ақпарат жеткізуде белсенді болса болғаны. Газет авторларының көптігімен құнды. Сонда ғана ол қоғамда өз орнын таба алады.
—Ондай авторлар сапына әлеуметтік желі қолданушыларын да жатқызып жүргендер аз емес қой…
—Бола берсін. Оның қай жері жаман?!  Байқасаңыздар, газеттің қағаз нұсқасына сұраныс азайып барады. Басылымдардың электронды нұсқасы алдыңғы шепке шықты. Негізгі ақпараттың өзін әлеуметтік желіден, интернеттен алып отыратынымызды несіне жасырамыз?!
Жалпы ақпараттық-технологиялар дамыған бүгінгідей қоғамда бұл өзгеріс қай салада болмасын орын алуда. Барлығында да жанталас бар. Өнер, мәдениет, экономиканың қай саласын алсаң да «қайтсек біз нарықта тұтынушының сұранысына ие болып қала аламыз?» деген көзқарас бар.
Ал, сіз айтып отырған блоггер дегенді «әлеуметтік желі белсендісі» (бұдан әрі қарай- ӘЖБ) деп айтқан дұрыс. Блогер деген басқа адам. Оның ұдайы жүргізіп отыратын блогы болуы керек. Өз оқырмандарын қалыптастырған орнықты аудиториясы бар адам. Ал, сіз бен біз көріп жүргендер блоггер емес ӘЖБ. Әзірге бұған мән беріп жатқандар аз. Барлығын бірдей «блоггер» дейді де, әсіресе, билік басында отырғанда соларға көбірек көңіл бөліп, сыбайласып, ауыз жаласып жатқаны да рас енді. Неге олай? Себебі… шынында да олар белсендірек болып тұр. Және қоғамдағы кез-келген тақырыпқа, оқиғаға түр-түрімен баға берушілер болып алды. Оларға қарап қарапайым оқырмандардың да ашыла сөйлеп, көкейдегіні ақтарып салып отыратын мінезі қалыптасып барады. Билік сол үшін де олардың белсенділігін өз мақсатына пайдалануға көшті. Өз сөзін сөйлету үшін бұрынғыдай газет, телеарна, радио ашып, оның құжаттарын заңдастырып жатудың керегі жоқ. Ол өте үлкен шығын. Одан гөрі ӘЖБ-ін падаланады.  Олар пікірін ашық жаза береді. Әрине, арасында ұстамды, пікірін дәлелмен, дәйекпен айтатын, шын мәнісіндегі сөзінің салмағы бар адамдар да бар. Сонымен бірге ойына не келсе соны жаза беретін, екі сөзінің бірі ғайбаттаудан тұратын, ғайбаттаған кезде кейіпкерін жерден алып жерге салатын адамдар пайда болды. Міне, сондай адамдардан біреулер аяғын тартады. Себебі өзінің арты таза емес болған соң қорқады. Сосын амал жоқ дұрыс болмаса да соларды қолдайды.
—Осындай «шоудың» кесірінен рухани байлыққа деген көзқарас тым төмендеп, кәсіби мамандар керексіз болып бара жатқандай…
— Расында да рухани байлық кейінге ысырылып қалуда. Материалдық байлық бірінші кезекке шығып кетті. Кәсіби журналистер кейінгі орынға ығыстырылып қалды. Сауатты адам, иманды адам, адамгершілігі жоғары адамның бағалануынан бұрын, шын мәнісінде «аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» дегендей байлыққа белшесінен батқан, жағдайы бар адамдар құрметке — қошеметке ие болып, олардың одан сайын билікке ұмтылуы жиі байқалатын болып жүр.  Егер ол шынымен белсенді, қоғамның дамуына ұйытқы болып жүрген адам болса, олардың қандай да бір құрметке, марапатқа ие болуын лайықты деп есептеймін.
—«Замананың» бағыт-бағдарына қайта оралсақ… Газет 20 жылда нені жаза алды деп ойлайсыз?
—Арғы бастауымыз 90 жылдардан бастау алатын, «Жас дәурен» кезінен ұстанған бағыт-бағдарымыздан, айдарларымыздан айныған жоқпыз.  Әрине, кейбір айдарларымызды өз алдына қосымша газет етіп шығарған кездеріміз болды.
—Кешіріңіз, сөзіңіз аузыңызда, бастауын тоқсаныншы жылдардан алатын басылымның жасы жиырмадан көп болуы керек емес пе?
—20 жыл деп біз кейінгі кезде тіркелген уақытына қарап алып отырмыз. Бәлкім екі жылдан кейін біз газеттің 30 жылдығын атап өтуіміз де мүмкін…
Жаңа айтқанымдай айдарлары, қозғайтын тақырыптары сол күйі сақталып келе жатқан басылымның 50 мың таралыммен шыққан кезі де болған. Өзгерістер жылы, жабайы капитализм қоғамына өту кезеңі, тәуелсіздік алуымыз… қаржылық дағдарыс… осындай замандарда газет шығару да қиындап кетті. Газетті бастыратын шикізат шетелден алынады. Газет шығару ісі тәуелсіздік түгілі, мемлекеттік газеттің өзіне де қиынға түсіп жатты. Осы тоқырауда біздің газет тоқтап қалып, қайта шықты. Содан бергі уақытты алғанда 20 жыл.  20 жыл бойына үздіксіз мыңдаған оқырманға нәр беріп келген басылым деп қарауымыз керек. Біз газет бетінде адамгершілік, имандылық, әділдік, шындық, қиналғанда әлсізге болысу, жылағанды жұбату бағыттарында жұмыс жүргізіп келеміз. Бұл рухани саладағы үлкен еңбек, үлкен жұмыс.
Өкінішке қарай, мұны кім бағалайды? Қарапайым оқырман ғана бағалауы мүмкін. Елдің рухани дамуына нәр беріп жатқанымен, жеке бір азаматтардың өз күшімен жүзеге асырып жатқаны дүниесі көзге көрінбес үлкен еңбек. Ал, қарбыз, жеміс бауын өсіргенге мемлекет тарапынан үлкен қолдау, қайтарымсыз несие беріп жатады. Мемлекеттің бұл орайда талай теңгесі желге ұшып жатқанын да көз көріп жатыр. Бірақ, айтсаң, айтқанның аузы жаман…
Сонда газет шығарып, қоғамда ағартушылық қызмет атқарып, елге рухани тәрбие беріп жүрген журналистер осының барлығын кім үшін жасап жатыр?! Айналып келгенде бәрі де осы ел үшін емес пе? Себебі сіз бен біздің жазған мақаламыз оқырмандардың біреуіне, болмаса екіншісіне сөзсіз көмектесті. Адамдардың бойына имандылық нәрін септі, адамгершілікке бетін бұрды. Сол мақаладан кейін бойын түзеген, ойын өзгерткен қаншама оқырман болды. Бірақ, осының барлығын да билік журналистер өзі үшін еңбек етіп, өзі үшін жазып жатқандай көзқараста қалып келді. Әлі де солай ойлайтындар аз емес. 20 жылдың ішінде мыңға жуық апта бар, мыңға жуық нөмір шықты. Оның бәрінде де журналистердің жүрегінен өтіп жатқан мақалалар оқырманға шұғыла, сәуле сияқты тарап жатты. Ол көзге көрінбейді, исі сезілмейді, қолға ұсталынбайды. Бірақ, қоғамға ізгілік нәрін септі ғой.  Әрине, ешкімге міндетіміз де, өкпеміз де жоқ. Оның үстіне әркім өзі үшін істейді. Оқырман тарапынан шынайы бағалау, шынайы қолдау білдіргені біз үшін басты табыс.
—«Замана» талайлардың тағдырына араласқанын білеміз? Әлі де араласып жүрсіздер…
— Шынын айтсам, қанша адамның тағдырына араласқанымыздың статистикасын жүргізбеген екенбіз. Бәлкім о бастан-ақ «уақыт өте келе сол оқиғаларды, біз араласқан тағдырларды малданып мақтанайық» деген ой болмағандығынан шығар. Бәрі де сауап үшін жүргізілді. Оның үстіне журналистердің бар тірлігі сауаптан тұрады ғой. Сауап тірлікті тек біздің саланың мамандары ғана жүргізеді. Қоғамда басқа кез-келген сала қызметкерінің жұмысы ақылы. Мысалы, «заңы қандай…» деп сұрасаң болды заңгерге ақша төлеуің керек. Тек бізде ғана ақы сұрау ойымызға келмейді. Әрине, соңғы кездері естіп жатамыз, біздің салаға кейіннен келген, сырттан енген, кәсіби журналист емес, бір адамдардың жазған-сызғанына ақы сұрайды дегенді. Біреудің арыз-шағымын ақыға жазып беру, біреудің сөзін сөйлеу үшін ақы алады дегенді естіп жүрміз. Ал біз мұның бәрін тегін істедік. Әлі де тегін жасап жүрміз. Сауап үшін.
Биліктің де мемлекетті дамыту үшінгі жасап жатқан еңбегін жоққа шығармаймыз, жақсы істерін  жариялап отырамыз. Жалпы баспасөздің тарихында өзіндік орын алатын, тағы бір атап көрсететін жағдай, бір редакциядан бірнеше газет шығаруға болатынын да алғашқылардың бірі болып дәлелдедік. Бұл экономикамызды ғана көтеріп қоймады, қанша адамға жұмыс орыны ашылып, нәпақасын табуына септігін тигізді. Экономикамызды дұрыстау үшін ғана емес, оқырманға қажетті, қызықты тақырыбын ұсынып отыруға тырыстық. Сол сияқты, кітап шығару қиындап, адамдардың кітап оқуы азайып кетіп жатқан уақытта да «Замананың» қасынан «Қызық газетті» шығарып, бастан-аяқ бір тақырыпты ұсынып отырдық. Жалпы алғанда, «Замананың» жанынан қосымша он газеттей шығып тұрды. Кейбірінің өмірі ұзаққа барған жоқ. Сұранысқа қарай бірқатарын уақытша тоқтаттық.
Қазір қағаз газеттердің хит болмай тұрған кезі. Одан гөрі бәлдір батпақ, әзіл-ысқақтың, жеңіл-желпі көңіл көтеретін дүниелердің айы оңынан туып тұрған заманы болып тұр.
—Иса Омарұлы, сұхбатыңыз үшін көп рақмет! Әріптестеріміздің абыройы арта берсін!

                                                                          Сұхбаттасқан Жәмила МАМЫРӘЛІ.
Оңтүстік Қазақстан газеті