НАУРЫЗДА ҚАЗЫҒҰРТ ТАУЫНА АЛЫП КЕМЕ МАКЕТІ ОРНАТЫЛАДЫ

2902

Adym.kz: «Қазығұрт тауының баурайына Ұлыстың ұлы күні — Әз Наурыз мерекесіне орай кеме тектес сахна қойылады. Әрі, 40 шақты киіз үй орнату жоспарланып отыр», деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Темірхан алдағы Наурыз тойының бағдарламасын таныстырды.
Айта кетерлігі, биылғы мереке тіршіліктің тал бесігі — Қазығұрт тауының бөктерінде өткізіледі. Онда «Наурыз — Қазығұрттан басталады» мерекелік іс-шарасы аясында театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, мерекелік концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.
«Қазығұрттағы мереке күні тау бөктерінде кеме тектес сахна қойылады. 40 шақты киіз үй орнату жоспарланып отыр. Мұнда өңір өнерпаздары ән мен биден шашу шашады. Сондай-ақ, қолөнер шеберлерінің өнімдері мен ұлттық тағамдардың көрмесі өтеді. Ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылып, салт-дәстүрге арналған қойылымдар қонақтарға мерекелік көңіл сыйлайды», — дейді Асылхан Темірханұлы.
Осымен қатар, 19-21 наурыз аралығында облыстың барлық қала, аудандарда «Жыл арқауы — жыл басы Наурыз», «Қош келдің, әз – Наурыз!», «100 кітап» сынды сурет көрмелері мен жас ақындар айтыстары өтеді.
Мерекелік шара 22 наурыз күні Шымкент қалсындағы Наурыз алаңында «Наурыз көктем – Шымқала!» мерекелік іс-шарасымен жалғасады. Онда жұрт «Наурыз-думан» мерекелік шеруін тамашалайды.
23 наурыз күні Ұлыстың Ұлы күні мерекесіне орай облыс орталығында кітап фестивалі мен республикалық «Наурыз» ақындар айтысы ұйымдастырылады.