АСТАНАНЫҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ 175 ІС-ШАРА ӨТЕДІ

2673

Adym.kz: Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасының елордасы — Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы аясында өтетін мәдени және спорттық шаралар жоспары таныстырылды, — деп хабарлайды аталған министрліктің баспасөз қызметі.
Арнайы мерейтой үшін Үкіметтің тиісті жоспары бекітіліп, жалпы 175 іс-шара ұйымдастыру қарастырылған. Онда 7 әлеуметтік маңызды, 67 ғылыми және практикалық, 65 мәдени және жалпылама, 18 спорттық, 18 ақпараттық-имидждік шаралар қамтылған. Ал, маңыздылығы жағынан 44 халықаралық, 91 республикалық, 15 өңірлік іс-шара бар.
Баспасөз мәслихатында «Ел жүрегі — Астана» 20 жылдығын өткізу жөнінде ҚР МСМ Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмаз Нұразхан бастаған мәдениет және спорт мекемелерінің басшылары баяндама жасады.
Алмаз НҰРАЗХАН, ҚР МСМ Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры:
«Маусымнан қыркүйекке дейін Этноауыл ұлттық-мәдени кешені өз жұмысын қайта бастайды. Мұнда «Алпамыс», «Школа трапеции» атты театр-цирк шоуы өтеді. Әлемнің жетекші шығармашылық ұжымдарының қатысуымен «Астаналар шеруі» атты ауқымды халықаралық жоба ұйымдастырылып, оған танымал әртістер мен 20 елдің белгілі спортшылары (Париж, Берлин, Лондон, Мәскеу, Сингапур, Пекин және т.б.) қатысады. Мерекеде әлемге әйгілі режиссер Тимур Бекмамбетовтың басшылығымен «Астана Опера» және Дж.Пуччини «Турандот» Пекин ұлттық операсының бірлескен қойылымы өтеді».
Айтулы мерекенің ресми басталуы өткен жылдың 10 желтоқсанында бекітілген. Осыған орай, былтыр «EXPO-2017» көрме кешенінің Конгресс орталығында 20 жылдыққа арналған салтанатты іс-шаралар, «Елбасы және Елорда» атты фотокөрме өткен болатын.
Айта кетерлігі, Мәдениет және спорт министрлігі Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы мен Жолдауында айтылған ішкі және сыртқы туризм саласын дамытуға арналған тапсырмасы негізінде 100-ден астам халықарлық ерекше жоба дайындауда.