
Бұл сапар VIII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің үшінші сессиясына арналған өкілеттіктерін іске асыру жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.
Сапардың негізгі мақсаты — Қарулы күштердің Арнайы операциялар күштері құрылымының қазіргі жай-күйімен танысу, жауынгерлік дайындық деңгейін бағалау және еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі олардың рөлін айқындау болды.
Комитет хатшысы Айдос Сарым атап өткендей, Арнайы операциялар күштері — қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы тұра алатын, жоғары кәсіби дайындықты талап ететін құрылым. Ол бұл күштердің еліміздің қорғаныс қабілетін арттырудағы және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.
Депутаттар басқару пунктінің жұмысымен жан-жақты танысты. Іссапар барысында оларға заманауи қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілері, ұшқышсыз ұшу аппараттары және арнайы жабдықтар көрсетілді. Сонымен қатар, командалық пункттің ақпараттық-техникалық инфрақұрылымы мен басқару жүйелері таныстырылды.
Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы, полковник Айдос Мырзахметов халық қалаулыларын сеніп тапсырылған құрылымның құрылу тарихы, қазіргі жағдайы және даму перспективалары туралы жан-жақты ақпараттандырды. Ол жеке құрамның кәсіби дайындығы мен моральдық-рухани тұрақтылығына, заманауи оқыту жүйелері мен технологияларды енгізудің маңыздылығына ерекше тоқталды.
Кездесу барысында жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын арттыру, әскери инфрақұрылымды жетілдіру, қару-жарақ пен техниканы жаңғырту мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың кәсіби өсуіне жағдай жасау сияқты мәселелер де назардан тыс қалмады.
Депутаттар қорғаныс саласына қатысты заңнамаларды жетілдіру бағытында өз тараптарынан қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сапар қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар әзірленіп, олар алдағы заң шығару жұмыстарына негіз болмақ.