
Өңір басшысы ауыл шаруашылығы саласының техникалық паркін жаңарту бағытында жұмыс жандана түсетінін жеткізді.
– Бүгін сіздермен маңызды әрі қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту міндетін жүктеді. Облыс көлемінде 11 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы бар. Оның 3 мыңы ескіріп, пайдалану мерзімі 20 жылдан асқан. Осы мәселені шешу мақсатында алдағы 5 жылда ауыл шаруашылық техникалары паркін 35 пайызға жаңарту жоспарымыз бар. Міне, осы бастама аясында нақты жұмыс басталып кетті. Соның айғағы ретінде бүгін 46 техниканы «Trade-In» бағдарламасы аясында жаңартып, өздеріңізге тапсырғалы отырмыз. Аталған қолдау шараларының нәтижесінде сіздер жаңа техникамен ауыл шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосады деп сенемін. Баршаңызды құттықтай отырып, жұмыстарыңызға табыс тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.
Техникаға қол жеткізген шаруалар бастамаға ризашылықтарын білдірді. Аймақта ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстары жалғасады.
Одан кейін облыс әкімі Ақсу елді мекеніндегі «KAZ ECO MEAT» ЖШС-нің 5000 бас ірі қараға арналған мал бордақылау кешенінде болды. Аталған кешеннің мал сою алаңы, етті терең өңдейтін цехының және мал қанын өңдейтін кәсіпорнының құрылыс жұмыстарымен танысты. Жоба жетекшілерімен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады. Жауапты басшыларға ауыл шаруашылығын, оның ішінде терең өңдеу саласын дамыту жөнінде тапсырмалар берілді.