Түркістан облысында бүгінде 14-35 жас аралығында 663 мыңнан астам жас тұрып жатыр. Бұл өңірдегі жалпы халық санының 30 пайызын құрайды. Жұмыссыз жастарды, оның ішіндегі NEET санатындағылардың арасында жұмыссыздықты азайтуға бағытталған 12 мемлекеттік бағдарлама жұмыс істейді. Мақсаты – 40 863 адамды жұмыспен қамту.
Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту, оларды мейлінше еңбекке баулу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Оған NEET санатындағыларды қосыңыз. NETT-тің қазақ тіліндегі мағынасы «оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді» дегенді білдіреді. Сондықтан осы салада бірқатар мемлекеттік бағдарламалар қабылданған. Ал, осы бағдарламаны басшылыққа алатын мекеме облыс жастарын қаншалықты жұмыспен қамтып отыр, жалпы өңірдегі жастар саясаты қалай дамуда? Түркістан өңірінде «Кәсіптік бағдар беру», «Серпін» бағдарламалары қаншалықты жүзеге асып келеді? Оны жастар біледі ме, халық арасындағы насихатталуы қалай? Осы және өзге де сұрақтар облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі тарапынан жиі көтеріліп, ұдайы талқыланып келеді. Ол жуырда өткен 6 айлық жұмыс қорытындысы қаралған алқалы жиында да сөз болды.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен басқосуда өңірдегі жастар саясатын қолдау, дамыту, сондай-ақ, өзара тәжірибе алмасу мәселелері көтерілді. Басқосуда Жастар орталығының жетекшісі Ернар Бектаев атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Қазір көрсетілген мемлекеттік бағдарламалар бойынша аудандық, қалалық Жастар ресурстық орталықтары насихат жұмыстарын жүргізуде. Нәтиже де жоқ емес. Биыл 6 айда 10 008 жас осы бағдарламаларға тартылған. Барлығы 169 918 жасқа мамандар кеңес беріпті. «Серпін» бағдарламасын жандандыру бойынша Жастар ресурстық орталық мамандары солтүстік өңірлердегі жоғары оқу орындарына арнайы іссапармен барып, бірқатар ынтымақтастық меморандумдарына қол қойған.
Ал, биыл «Серпін – 2050», «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламаларын насихаттау мақсатында өңірге 6 университеттің өкілдері келіп, мектеп бітіруші түлектермен кездесті. Енді «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті қолдауға арналған ұлттық жобасы аясында жеңілдетілген 2,5 пайыздық шағын несиені 621 жасқа үлестіру жоспарланған.
Сондай-ақ, кәсіптік білім алуға ниетті бітіруші түлектерге мемлекет тарапынан орта арнаулы оқу орындарына 15 500 грант бөлінген. Бұл гранттарды игеру мақсатында білім басқармасымен меморандумға отырған. Орталық жанынан құрылған мобильді топ 17 аудан-қаланы аралап, мемлекеттік грантты насихаттау жұмыстарын жүргізген. Жастар саясатын дамытудың өзге де бағыттары бойынша тағы 12 іс-шара жоспарланған. Енді осы іс-шаралар тек жүрдім-бардыммен қалып кетпей, өз жемісін берсе ғой дейсің. Сонда жұмыс не оқу іздеген жас та, олардан таудай үміт күтіп отырған ата-ана да бір қуанып қалар еді-ау. Ең бастысы, қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі көрінер еді.
Жұмыссыз жастарды түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға жұмылдыру қажет
Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту, оларды мейлінше еңбекке баулу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.