#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Шақырайған күн астындағы шаруалардың еңбегі ерен

Былайғы жұрт басына қалпақ киіп, салқын көлеңке іздеп жүрген шілденің осы ыстығында мақтааралдық диқандар таңнан кешке дейін күн астында еңбек етіп жүр.

Биыл көктемнің кеш шығуы, жауын-шашынның шамадан тыс көп түсуі мақтааралдық диқандарға біршама қиындық  тудырды. Жердің ылғалды, лайсаң  болуы ерте көктемде  тырмалау, чизельдеу жұмыстарына  едәуір кедергі келтірді. Бірақ, несібесін кетпенмен табатын диқандар жер дегдісімен мақта, бақша егуге  жаппай кірісіп кетті.

Мақтаарал ауданы бойынша 60,6 мың гектар суармалы алқаптың 33,6 мың гектарына мақта, 1697,5 гектарға ерте пісетін көк­өніс, 264 гектарға картоп, 546,5 гектарға қырыққабат, 18014,2 гектарға қауын-қарбыз, 36 гектарға қызанақ, 15 гектарға қияр, 33 гектарға қызылша, 49 гектарға баклажан, 26 гектарға пияз, 18 гектарға болгар бұрышы егілді. Бүгінгі күнге дейін мақтааралдықтар 4 853 тонна картоп, 17 650 тонна қырыққабат жинап, саудаға шығарды.
Жаз – бақша дақылын өсірушілер үшін берекелі кезең. Дәл қазір ыстық күннің астында жүріп көкөністі күтіп-баптап, жемісін жинап жатқан шаруалардың жұмысын ерлік десе болады.
Мақтаарал ауданы бойынша 11 674,5 гектарға ашық тәсілмен қауын егіліп, одан 1480 тонна өнім алынды. Өнім жинау одан әрі жалғасуда. 4290,6 гектарға бір қабат пленка астына қауын егіліп, одан 95 395 тонна өнім жиналады. Екі қабат пленка астына 1518,1 гектарға қауын егіліп, одан 33 923 тонна өнім алынды.
Бүгінге дейін 531 гектарға қарбыз егіліп, одан 8349 тонна өнім жиналды. Ашық жерге егілген 265 гектардағы қарбыз пісіп, шаруалардың үміті ақталуда. Сондай-ақ, 215 гектарға бір қабат пленка астына егілген қарбыздан 6 830 тонна, екі қабат пленка астына егілген 51 гектар алқаптан 1 519 тонна қарбыз жиналды.
Мақтаарал ауылдық округі бойынша 687 гектарға көкөніс егілді. Мұнда 442 гектарға қырыққабат егіліп, 14 144 тонна өнім алынды. 2 523, 4 гектарға бақша дақылдары өсіріліп, бүгінге дейін 35 398 тонна өнім жиналды.
Қазіргі кезде бақша өнімдері үлкен сұранысқа ие. Мырзашөл қауындары Ресейге экспортталып, еліміздің Алматы, Астана қалаларына жөнелтілуде. Жақында Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіндегі «Рамиз» шаруа қожалығының егістік алқабына барғанымызда осы игі іске куә болдық. Махмудовтар отбасы жыл сайын 400 гектар суармалы алқапқа мақта, қауын-қарбыз егеді. Биыл олар 120 гектарға бақша егіп, қауын-қарбыздарын әр түкпіріне жөнелтуде. Екі-үш күн сайын олар 2 «Фура» толтырады. Қауын әр көлікке 20 тоннадан тиеледі.
– Биыл өнімнің түсімі жақсы. Піскен қауынды түнгі сағат 3-4-тен бастап үзіп, таңғы 6-да тележкаға артып, қабылдау бекетіне әкелеміз. Мұнда уылжып, торлап піскен қауынды сұрыптап, қағаз жәшіктерге саламыз. Қазір әрбір минут қымбат. Мына ыстықта қауын көпке шыдамайды. Оны тоңазытқышы бар көлікке тиеу үшін 4 бригада топтасқан 100-ден астам жұмысшы тынбай еңбек етуде. Олардың әрқайсысының күндік еңбекақысы 4-5 мың теңге. Пленка астына егілген қауынның қорабын алғашқыда 2500-3000 теңгеден өткіздік. Қазір баға 1300-1500 теңгеге түсті. Егістік алқапта төрт отбасы күні-түні жұмыс істеуде, – дейді «Рамиз» шаруа қожалығының төрағасы Рамиз Махмудов.
Былайғы жұрт басына қалпақ киіп, салқын көлеңке іздеп жүрген шілденің осы ыстығында диқандар таңнан кешке дейін күн астында жүр. Олардың осы бейнеті ақталса дейсің.

Соңғы жаңалықтар