Өткен жылдың соңында Ақтөбеде «Ауыл аманаты» жобасының басталғаны белгілі. Жұртшылықтың ауылда еңбек етіп, тиісінше тұрақтауына бағытталған жобаның тиімді тұстары туралы аз айтылған жоқ. Енді арнайы топ аудандарды аралап, биылғы меже, жаңашылдықтар жөнінде кеңінен түсінік беруге кірісті. Сала мамандары осы мақсатта қобдалықтармен кездесіп, «Ауыл аманаты» жобасы — ауылды дамытудың кепілі» семинарын өткізді. Бұның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз Жолдауында ерекше тоқталған ауыл шаруашылығын дамыту тапсырмасы аясында қолға алынғанын айта кету керек.
Үкіметтік қолдау күшейе түсті
Қобда ауданында өткен көшпелі жиында ел Президентінің ауылды дамытуға ерекше мән беріп отырғаны, бұл экономиканы дамытуға серпін болатыны айтылды.
— Біздің облыста «Ауыл аманаты» жобасының басталғанынан көпшілігі хабардар. Дей тұрғанмен елді мекендердегі тұрғындармен бетпе-бет кездесіп, аталған бағдарламаның талап-тәртібі туралы кеңінен мағлұмат беру артық етпейді. Бұл жобаға тек ауыл тұрғындары, соның ішінде жұмыссыз адамдар, өз-өзін жұмыспен қамтушылар қатыса алады. Сондықтан облыс әкімінің тапсырмасы бойынша кәнігі сала мамандары жер-жерде кездесулер өткізіп, жобаға қатысуға үмітті адамдардың кез келген сұрағына жауап береді. Биылдыққа алғашқы кездесу Қобда ауданында өткізіліп отыр.
Ауылдағы ағайын банктен несие алуда көп кедергіге тап болады.Себебі кепілге қоятын мүлкі жоқ, не талапқа сай емес. Ал «Ауыл аманатының» басқалардан ерекшелігі сол — қатысушының әрқайсысының жағдайы, қаржылық мүмкіндігі жеке қаралады.
Құжаттарды қабылдау әлі жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда жүзге жуық адамнан ұсыныс түсті.
«Ауыл аманатының» артықшылығы — берілетін несие пайызының аздығы, әрі ауылдық жердегі үйді кепілдікке қоюға болатыны. Жеңілдетілген несие алғысы келетін кәсіпкерлер тек мал, құс пен өсімдік шаруашылығы, сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағыты бойынша жұмыс істесе жеткілікті.
Осы ретте «Неліктен тап осы шаруашылық түрлері таңдалды?» деген заңды сауал туындауы мүмкін. Айталық, облыста құс шаруашылығымен айналысушылар өте аз. Біз құс шаруашылығы өнімдерімен ішкі нарықты тек 5,4 пайызға ғана қамтып отырмыз, қалғанын, яғни көп бөлігін сырттан әкелуге мәжбүрміз. Демек, бұл өңірде құс шаруашылығымен айналысуға толық мүмкіндік бар деген сөз. Жалпы, құс еті өткізуге де, алуға да ыңғайлы ғой. Тиімді тұстары көп. Сол сияқты жылыжай салуға да оңтайлы жағдай жасалып отыр. Мұнымен бірге, ауылдық жерде шағын кәсіп ашу жайы қарастырылған. Берілетін қаражат көлемі де артуда.
Сонымен қатар жоба аясында тауарлық несие беруді бастадық. Яғни оны мал түрінде алуға болады. Бүгінгі таңда 27 шаруа қожалығы өз малын тұрғындарға несиеге беруге талаптанып отыр. Бұл 7 жылға дейін беріледі.
Ақпан айында жобаға қосымша 3,5 миллиард теңге беріледі. Бұның барлығыауылды дамыту үшін жасалып отыр, — деп атап өтті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов.
Облыстың бас агрономы аталған жобаға қатысу үшін Қобда ауданынан Талдысай, Бесқұдық ауылдық округтерінің таңдап алынғанын тілге тиек етті.
Кооперативтің қажеттілігі
Ал облыстық ветеринария басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай дала қазағын демейтін жобаның ең әуелі халықтың табысын арттыруға бағытталғанын атап өтті.
— Басты мақсат — жұмыссыздықты азайту. Тиімді шарттар арқылы несие беріп, тұрғындардың әлеуметтік әлеуетін көтерсек дейміз.
Бағдарламаны дайындау барысында скрининг жүргізіліп, әр ауданның әлеуметтік картасына қарай екі ауылдан таңдап алынды.
Алдағы уақытта әр ауылда кооператив құрылуы керек. Соған әр кәсіпкер мүшелікке енсе, жұмыс жанданады. Кооператив арқылы қатысушылар бір-бірін қолдайды. Бірлескенде ғана кез келген жобаның шарапаты молынан болады. Сондай-ақ кооперативке берілетін несиенің көлемі, ұзақтығы бөлек. Өйткені ол бір адамның ғана мүддесіне арналмаған.
Біздің өңірде тап осындай жоба алғаш рет қолға алынып отырғандықтан, қатысушылар ұсынып отырған тың жобалар көп. Мәселен, аудандардың бірінен жүннен құрылыс материалдарын жасайтын цех ашқысы келетін тұрғын хабарласты. Осындай ерекше жобалар болса, оған бәсекелестер де аз болады. Яғни мұндай кәсіптер аз уақытта өз шығынын ақтайды.
Кері байланыс берік болу үшін әр аудан мен ауылда жұмыс тобы құрылуы керек. Жергілікті атқарушы билік — аудан әкімдігі осыған ерекше мән берсе, Үкіметтің ұсынған мүмкіндіктері жерде қалмайды, — деді.
Талап пен тәртіп
Өңірде «Ауыл аманаты» жобасының ойдағыдай іске асырылуына жауапты мекемелердің бірі — «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ департамент басшысы Руслан Ескендіров:
— 5 жылға дейін 2,5 пайызбен берілетін аталған несиені алу үшін ауыл тұрғынының ең әуелі кез келген қаржы институттарында берешегі болмауы керек. Екіншіден, салық органдарында, басқа да бюджеттік мекемелерде қарызы болса да, ұсынған жобасы қолдау таппайды. Сосын кепілге қоятын заңдастырылған үй-жайы болуы, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі міндетті. Негізгі талаптар — осы.
Несие берілген соң 1 жылға дейін каникул қарастырылған. Бұл — бизнесті дамытып алуға жақсы мүмкіндік.
Өкінішке қарай, Қобда ауданы тұрғындары әзірге белсенді емес. Қазіргі таңда тек 3 ұсыныс түсті. Сондықтан бұл жолғы семинарда әр сала маманы егжей-тегжейлі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жобаның игіліктерін айтты. Әлі де уақыт бар, үміткерлер қатары толығады деген ойдамыз.
Түрлі кәсіп — бір мақсат
Семинар барысында бизнестегі тәжірибесімен бөлісіп, әріптестеріне ақыл-кеңесін айтқандардың арасында облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкерАсқар Садықов та бар. Оның айтуынша, Тәуелсіз Қазақстанның тарихында жеке кәсіппен айналысқысы келетіндерге банктен 2,5 пайызбен несие беру алғаш рет болып отыр.
— 1990 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысатын адам ретінде соңғы жылдары бизнеске бет бұрған жастардың көптігіне қуанамын. Оларға мемлекет тарапынан ауыз толтырып айтарлықтай жағдай жасалып жатыр. Соның ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының пайдасы мол. Мұндай мүмкіндікті пайдалану керек, сондықтан несиенің қай түрі тиімді, соны зерттеп, тез арада шешім қабылдауға шақырамын. Жаңадан кәсіп бастаймын дегендерге де бұл оңтайлы мүмкіндік. Өйткені пайыздық үстемесі өте тиімді. Бірақ «алмақтың да салмағы барын» ұмытпаған жөн. Мемлекеттен қарызға алынған қаржы мақсатты жұмсалуы керек. Соңында әр тиынына дейін есеп бересіздер.
Қобда ауданында семинар өткізудегі мақсатымыз —жергілікті жұртшылықтың
кәсіптік дағдыларын дамыту, өз ісін бастауға шақыру. Әр адам бәсекеге қабілетті болуға ұмтылу керек. Егер шынымен талаптанса, «Ауыл аманаты» соған жол ашады.
Аталған жоба аясында балық шаруашылығын дамыту бойынша жасалған бизнес-жоспарымды ұсынбақ ниетім бар. Осы өлкеде аталған кәсіп түрін дамытсам деп отырмын. Ол мақсатта алыс-жақын жерлерде балық шаруашылығын ілгерілету бойынша түрлі семинар-тренингтен өттім. Енді алған білімімді өзгелермен бөлісуге, білмегенін үйретуге әзірмін.Ақысыз.
Сондай-ақ келешекте Қобда ауданында балық, құс шаруашылықтарын жетілдіре түспек тілегім бар. Ет кластерін құру бойынша да жоспар құрдым. Сол арқылы әлеуметтің, жалпы елдің тұрмыс-тіршілігінің деңгейін көтеруді көздейміз.
Қорыта айтқанда, кәсіпкерлік саласындағы жаңашыл жобаға қатысуға,мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын, — деп атап өтті.
Тың жоба, тиімді ұсыныс
Облыстық мәслихат депутаты, «Еуразиялық банк» АҚ облыстық филиалының директорыӘсия Құлдыбаевада «Ауыл аманатының» артықшылықтары туралы айтып, нарық заманындағы қаржылық сауаттың маңызына тоқталды.
— Қазірбизнеспен айналысамын деушілерге берілетін несиеге салынатын үстеменің жылдық көлемі — 22 пайыз. Ал«Ауыл аманатындағыдай» 2,5 пайызбен несие беру ешқашан болмағанын баса айтқым келеді. Облыс әкімдігінің бастамасы бойынша қолға алынған жобаның басқа да жақсы тұстары көп. Мысалы, кепілге қойылатын мүлікке соншалықты жоғары талап жоқ. Бұл да болса жеке кәсіпкер ретінде қалыптасып кетуге берілген мүмкіндік емес пе?
Бір байқағаным, Қобда ауданында бизнес саласы өте жақсы дамыған. Орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері көптеп ашылыпты. Енді жаңа жоба арқылы ауыл шаруашылығы, шағын кәсіпкерлік жобалары молынан жүзеге асырылыса, аз уақытта-ақ өлке өркендей түседі. Тәжірибелі кәсіпкерлермен ақылдаса келе осы семинарға арнайы келіп отырғанымыз да сондықтан. Қаржылық сауатыңызды жетілдіруге аз да болса үлес қоса алсақ, біздің ойымыздың орындалғаны.
Тұрғындарға жеке кеңес беруге де дайынбыз. Өйткені әлі де болса кәсібін неден бастайтынын білмейтін, бизнестің «әліппесінен» хабарсыз адамдар бар. Бүгінгісеминар — сондай жандарға таптырмас мүмкіндік, — дейді ол.
Семинар соңында аудан әкімі бастаған атқарушы билік өкілдері, облыс орталығынан келген әртүрлі сала мамандары тұрғындарға жеке қабылдау өткізіп, сұрақтарына жауап берді.