Әлеуетті жұмыс берушілер қатарында «Қазпошта», «Қазақстан темір жолы», «Самұрық-Қазына», ERG, банктер, медұйымдар, оқу орталықтары және басқа да мекемелер бар. Жалпы, түрлі қызмет саласында 1300-ден астам бос жұмыс орны ұсынылған. Жәрмеңкені «Amanat» партиясы қала әкімдігімен бірлесе ұйымдастырды.
«Қаламызда тұрғындарды, оның ішінде түлектер мен жастарды жұмысқа орналастыруға арналған бірқатар бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз. Мәселен, биыл бизнес, әкімдік және білім беру институттарының ынтымақтастығының арқасында 60 мың жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз», деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Іс-шараға қатысқан «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов жастарды жұмысқа орналастыру – Президент пен партияның сайлауалды бағдарламасының маңызды міндеті екенін айтты.
«Мақсатымыз – 2029 жылға дейін 2,3 миллион жасты жұмысқа орналастыру. Сол үшін партияның «Жастар рухы» жастар қанаты «Жастарға жұмыс» жобасын жүзеге асыра бастады. Мұны жұмысқа орналасудың кешенді тәсілі деуге болады. Барлық өңір бойынша бос орындар жәрмеңкелерін тұрақты өткізумен бірге жылдық 2,5% несие беру, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 2 мың бос жұмыс орнын құру, жас мамандарды IT-дағдыларына үйрету үшін 3 мың ваучер бөлу және тағы басқа да көптеген мүмкіндік берілді. Бүгін жастар қауымы көп жиналатын елордалық Арбатқа 70-тен астам жұмыс беруші келді. 2000-нан астам адам қатысты. Бұл жастар үшін алғашқы еңбек жолын ірі де сенімді компаниялардан бастауға үлкен мүмкіндік береді», деді Ерлан Қошанов.
«Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, жыл басынан бері 120-дан астам жәрмеңке өткізілген.
«Бұл тек қана облыс орталықтары ғана емес, еліміздің облыс орталықтарына үзеңгілес шаһарлар, басқа да кішкентай ауылдық мекендерде өткіздік. Жалпы, біздің есептеуімізше, 90 мыңнан астам азамат біздің жәрмеңкелерімізге келіп, 18,6 пайызы жұмысқа орналасқан. Біз алдын ала анонс жасаған кезде және алдын ала хабарландыру жасаған кезде мұғалім, денсаулық сақтау саласындағы мамандардың жұмыс тапшылығын сездік. Жәрмеңке жастардың кәсіби, еңбек және кәсіпкерлік әлеуетін іске асыруға көмектесуді көздейді. Сәйкесінше, мемлекеттік органдардың мамандары кеңес берді», деді Н.Жетпісбаев.