#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

600 мың теңге грант алып, тігін цехын ашып табысын арттырған

Қарағанды облысында биыл 14 мыңнан аса жас жұмыспен қамтылды. Бұған қоса бизнесті дамыту аясында биыл 180-ге жуық грант беріледі. Мемлекеттің қолдауын сезінген жас кәсіпкерлер жобаларын жемісті жүзеге асырып жатыр.

Мәселен, Қарағанды қаласында виртуалды курс ашылды. Ол жерде оқушылар физика, химия, анатомия, биология және басқа да пәндер бойынша қосымша білімін жетілдіреді. Сондай-ақ дастарқан, майлық, сүлгі, халат тігетін цех та өз өнімдерін нарыққа шығарып отыр.

Қарағандылық кәсіпкер Сәуле Ақылбек «Sauleli Ui» тігін цехын осыдан үш жыл бұрын ашқан. Кәсібін өркендету үшін екі грант иеленген.

– Алғашқы грантым шамамен 600 мың теңге болса, ал өткен жылы алғаным – 2 млн теңге. 2020 жылы қызымды дүниеге әкелдім. Ол кезде мен жұмыс істемейтінмін, қолыма жөргекпұлға 157 мың теңгедей сома түсті. Мен бұл ақшаны бизнеске салғым келді. Карантин уақыты еді, тойханалар жабық, той үйде өтетін. Сол жолы арнайы матамен дастарқан тіктім. Оның туыстарыма ұнап, тапсырыс алсам деген оймен құлшына кірістім, – дейді С.Ақылбек.

Ол баласы бір жасқа толғанда жұмыс­пен қамту орталығына хабарласып, тігін өндірісі бойынша үш айлық оқуын тәмамдап алады. Сөйтіп, құжат тапсырған жас тігінші бизнес-жоспар құрып, жобасын сәтті қорғап, алғашқы грантқа 2021 жылы қол жеткізеді. Грант қаржысына екі өнеркәсіптік тігін машинасын, үтіктеу тақтасын, үстел сынды керек-жарақ алады. Ал облыс әкімінің 2 млн грантын өткен жылдың аяғында жеңіп алған. Түскен қаражатқа халат тігуге арналған өндірістік зат, кесте тігу машинасын сатып алыпты.

Бүгінде цех иесі екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұ­мыс­шы­лардың орташа жала­қы­сы 120 мың теңгені құрайды. Тапсырыс көлемі ұлғайған. Алыс-жақын шетелден де онлайн тапсырыстар түседі. Енді Мансап орталығымен келісіп, субсидиялаумен төрт адамды «Күміс жас», тағы бір тігіншіні «Әлеуметтік жұмыс орны» жобасымен 2024 жылдан бастап алатынын жеткізді.

Қазіргі уақытта Мемлекет бас­шы­­сы­ның тапсырмасына сәйкес білім саласында да озық технологияны жетілдіру қолға алынып жатыр. Қарағандыда осы бағытта кәсіп ашып, ғылыми жа­ңалық әкелген жастарды қол­дау қарқынды десек те болады. Солардың бірі облыс әкімінің 2 млн теңге грантын алған «NEO» компаниясының жетекшісі Әділ Хамит 2021 жылдан бері білім беру саласында бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеумен айналысып жатыр.

Әділ Ә.Сағынов атын­дағы Қа­ра­­­ғанды техникалық уни­вер­ситетінде виртуал­­­­ды әлемге же­телейтін (VR) көзіл­ді­рі­гін сынақ­тан өткізіп жүр.

– Жасанды интеллект біздің қосым­­ша­мызда интерактивті мұға­лім ретінде әрекет етеді. Бірақ бұл толық­қанды мұға­лім­ді алмас­тырмайды. Оқытушы жетіс­пейтін ауылдық жерлерде бағдар­ламаның берері мол. Виртуалды оқытуға келетін болсақ, бұл қа­зір­дің өзінде іске қосылды. 13 пән бойынша оқуға және виртуалды зертханаларға баруға болады. Әзірлеме Қазақстанның 30 мектебінде жүзеге асты, Қара­ған­дыда алдағы уақытта екі мектеп қосылмақ. Сонымен қатар елі­міз­дегі бірнеше жоға­ры оқу орны бізбен осы бағытта жұмыс істеп жатыр, олардың қатарында ҚарТУ да бар, – дейді Ә.Хамит.

Жады 2 гигабайттан асатын NEO қолданбасы қазір Windows және Android операциялық жүйе­ле­рінде жұмыс істей алады, оны басқа жүйелерге енгізу әзірленіп жатыр. NEO қолданбасы – орыс, ағылшын, қытай, француз, испан және қазақ тілдерінде сөйлей алатын толыққанды виртуалды платформа.

– Біз қосымшаны әлі де жетіл­ді­рудеміз, сонымен қатар қоғам­дағы қауіпсіздікке қатысты басқа жобалармен жұмыс істеп жатырмыз. Мәселен, олардың бірі мектеп оқушыларымен оқыс оқиғалардың алдын алуға арналған. Яғни мұнда AI сенсордың бір түрі ретінде әрекет етеді, адамдар арасындағы агрес­сивті мінез-құлық пен жа­ғымсыз көзқарастарға жауап бе­ре­ді және мектеп басшылығы мен қауіпсіздігіне сигнал береді, – дейді жоба жетекшісі.

Не десек те мемлекеттің қайта­рым­сыз гранты көп жастар­дың кәсіпкерлікке бет бұруына сеп болып отыр. 2005 жылдан бастап Қарағанды облысында жас­тар кәсіпкерлігін дамыту мен қолдауға гранттар бөліне бастаған. Осы уақыт аралығында 700-ден аса азамат грантқа ие болған. Бұл санның басым үлесі – 20 жастан асқан жастар.

– Бұрын грант сомасы 500 мың теңге болса, кейін 1 млн, қазір 2 млн тең­ге болды. Биыл да былтырғыдай облыс әкімінің грантын 50 адам алады. Өтінімдерді қабылдау аяқталды, конкурстық комиссия жұмысына кіріс­ті, жел­тоқ­сан айында жаңа иегерлерге гранттар беріледі. Бұған дейін грант­­қа ие болғандардың басым бөлігі – медициналық, қоғамдық тамақтандыру, білім беру және өндірістік жобалар. Облыс әкі­мі­нің жастар кәсіпкерлігі сала­сын­дағы гранттарына өтінім­дер туралы толық ақпаратты жастар саясаты мәселелері жөніндегі бас­қарманың сайтында жария­лаймыз, – дейді Қарағанды облысының жастар саясаты мә­селелері жөніндегі бас­қар­ма­сы­ның бөлім басшысы Ұлан Омаров.

Соңғы жаңалықтар