«Сыбаға» аясында берілетін несиенің үстеме пайызы төмен, қайтару мерзімі ұзақ. Мәселен, «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ шарттары бойынша ең жоғары несие сомасы — 18 000 000 теңге, сыйақы ставкасы — жылдық 6%, ең ұзақ мерзімі — 84 ай, 12 айдан 24 айға дейін жеңілдетілген кезеңімен беріледі. Бұл несие тек қана мал шаруашылығымен айналысатын, соның ішінде етті бағыттағы ірі қара өсіруші жеке кәсіпкерге, шаруа қожалығына, фермерлік шаруашылыққа және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге берілуде.
Тағы бір басты ерекшелігі, бұл қаржы етті бағыттағы сиырлар мен ұрықтандырушы, аталық бұқалар алуға жұмсалуы тиіс. Кепілдік мүлік ретінде тұрғызылған уақытына қарамастан, ауылдық жердегі құжаттары заңды тіркеуден өткен, жағдайы қанағатанарлық барлық құрылыс нысандарды, автотехникаларды қоюға мүмкіндік бар. Қойылған кепілдік мүліктің құны алынған несиенің 130 пайызын жабуға жеткілікті болуы тиіс. Қарызгерден төлем қабілеттілігі мен қаржылық тұрақтылығы, салыққа, бюджетке және де басқа міндетті төлемдер бойынша соңғы 3 айда қарызының болмауы (банктерге де берешегі болмасын), малды өсіруге қажетті инфрақұрылым, қора-жайы, суат көзі, мал жайылымы, қорасында бұрыннан бағып, өсіріп отырған малының болуы талап етіледі.
Етті бағыттағы сатып алынатын аналық малға бес, тұқымдық бұқаларға сегіз талап қойылады. Малдың тектілігі, жасы, өнімділігі, яғни олардың асыл тұқымдық куәліктері, мал дәрігерлік құжаттары болуы тиіс. Енді бұрынғыдай өнімділігі төмен мал басын өсіруге бет алды қаржы жұмсауға жол беріле қоймайды. Мал өсіргің келсе, өнімділігі жоғары асыл тұқымды мал өсір, сонда ғана көл-көсір табысқа кенелесің. Бұл бағдарламаның басты мақсаты да ірі қараның етті бағыттағы тұқым табынын көбейту болып отыр.
Ал мал басы, қора-жайы, жайылымы жоқ жаңадан құрылған шаруа қожалықтарына несие берілмейді. Есесіне, борышкерге қарызды қайтарудың алғашқы екі жылында «каникул» беріледі. Жеті жылға алты пайыздық үстемемен 20 миллион теңгеге дейін ала аласыз. Бізде асыл тұқымды мал басы тым аз. «Сыбағаның» бір міндеті — осы. Сол мақсатта әрбір 25-30 сиырмен бірге бір асыл тұқымды бұқадан сатып алу міндеттелген.
Бағдарламаға қатысқан шаруалар дән риза. Атап айтсақ, жамбылдық «Құтты орда» ШҚ өкілі Нарбек Қожагелдин облыс орталығындағы үйі мен көлігін кепілдікке қойып, несие алған.
«Бағдарламаға алғыстан басқа айтарым жоқ. Соның арқасында 4 миллион 800 мың теңге несие алып, 25 сиыр, 2 бұқа сатып алдым. Бұрын өзімде 23 сиыр бар еді. Оның сүтін көлігіммен тасып, аудандағы «Бурный ірімшік зауытына» өткізіп жүрдім. Бірақ бұл кәсібім жол шығынын әзер ақтайтын. «Сыбағамен» мал басы көбейген соң ақ та молайды. Енді пайдасын көремін деген үміт бар», — дейді фермер.
Ал Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Зафар Мұзаффаров «Сыбаға» бағдарламасының арқасында 8 млн теңге несиеге қол жеткізген. Оған 47 бас сиыр сатып алыпты.
«Бүгінде шаруашылығымда 60-қа жуық аналық, шамамен 22 бас бұқа және 40-қа тарта төл бар. Алдағы уақытта малдың санын тағы да көбейтуді көздеп отырмын», — дейді З.Мұзаффаров. Жанат Қапалбаева