«Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына келетін болсақ, осы жылдың 10 айында оң өсім бар. Жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн теңгеден асты. Өнеркәсіп өнім көлемі 2 пайызға артып, 758 млрд теңгені құрады. Өсімге негізінен сүт, тоқыма және электр жабдықтары өндірісі үлес қосты. Бұл ретте Түркістан облысы бөлінгенде негізгі өндіріс орындары Шымкент қаласы аумағында қалып қойғанын атап өткен жөн. Осыған байланысты, облыс бюджеті толықтай республикалық бюджет трансферттеріне тәуелді болып тұр. Қазір облыс өнеркәсібінің негізін тау-кен, яғни уран өндірісі құрайды», деді Д.Сатыбалды.
Өңір басшысының айтуынша, «ҚазАтомпром» ұлттық компаниясы Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Құны 100 млрд теңге болатын жобаның жүзеге асуы аймақта 250 жаңа жұмыс орнын ашуға септігін тигізбек. Қазір жер телімі анықталып, компания техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге кіріскен. Облыстың өзіндік кірісін арттыратын бұдан өзге бірнеше жобадан хабардар етті. Нақтыласақ, бұлар – «Ocean Energy Company» ЖШС-ның Қазығұрт ауданында Каскад ГЭС құрылысы, «Эко-Культура» АӨХ-нің Келес ауданындағы жылыжай кешенін салуы, «Standard Petroleum&Cо» ЖШС-ның Ордабасы ауданында мұнай өнімдерін өңдеу зауыты, «ARM WIND» ЖШС-ның Отырар ауданында күн электр стансасының зауыты, «Састөбе химиялық кешені» ЖШС-ның Түлкібас ауданындағы каустикалық сода, ПВХ, кальций карбиді, әк цемент өндіру зауыты бар. Сонымен қатар бұл ауданда газ электр стансасының, Сауранда күн электр стансасының, Созақта фосфорит кендерін өңдеу зауытының құрылысы жоспарға кірген. Облыс басшылығы Сайрамда бу-газ қондырғысын салуды да ойластырып отыр.
Әкімнің сөзінше, жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд теңгеге көбейту болжанады. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінде 10 жоба іске қосылған.
Жалпы, елдің экономикалық драйвері болуға қабілетті әрі лайық ауыл шаруашылығы саласы бұл облыста да қарқынды даму жолына түсіп келе жатыр. Өңірде өндірілген ауыл шаруашылық өнімдері құнының 1 трлн теңгеден асуы сөзімізге дәлел және бұл көрсеткіш арқылы облыс республикада ең алдыңғы позицияда.
«Жыл басынан бері салаға 88,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Егістікті әртараптандыру нәтижесінде көкөніс, бақша өнімдерінен рекордтық 3,3 млн тонна жиналып отыр. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 25 жобаны іске асыру көзделсе, жыл басынан бері нақты 22-сі іске қосылды. Салада жаңа технологиялар кеңінен қолданылуда. Қарқынды бау көлемі 5 405 гектарға жеткізілді. Нәтижесінде, өнімділік 5 есе артып, 350 центнерге дейін өнім жиналуда. Су үнемдеу технологиясы 31 788 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9 403 гектарға енгізіліп, суды 2 есе үнемдеуге мүмкіндік берді», дейді әкім.
Жылыжайға қатысты да жылы жаңалықтар баршылық. Олардың жалпы көлемі бүгінде 1 640 гектарға жетіп, 140 мың тонна өнім жиналыпты. Бұған қоса 100 гектардан агроаймақ құрып, 2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салу жоспарда бар екен. Қазір жылыжайларды бір орталықтан қатты отынмен қамтамасыз ету үшін арнайы кооператив құрылып, көмір өндірушілерден тікелей тасымалдау келісілген. Бұл ретте жылыжайларды жылыту шығындарының 20 пайызы субсидияланатынын да айта кетейік. Биыл осы мақсатта 500 млн теңге бөлінген.
Брифингте аймақ басшысы мал шаруашылығының дамуы бойынша да ел бойынша алдыңғы қатарда екенін айтты. Мал басы және өнімділігі орташа есеппен 5 пайызға өсіп жатса, ет экспорты республикада көш бастап тұр. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің – 85 пайызы, ұсақ мал етінің 60 пайызы – осы облыстың еншісінде.
Сонымен бірге аймақ экономикасына мол ақша әкелуге әлеуеті бар мақта өндірісі саласын өркендету үшін мақта-тоқыма кластерін құру жобасы әзірленіп жатыр.
«Әлемдік ірі тоқыма компаниялармен өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы бірқатар жобаны жүзеге асырып, мақта бағасына экспорттық тәуелділікті төмендетуді көздеп отырмыз. Мақта дақылын рентабельділігі жоғары дәндік жүгері дақылдармен алмастыру мақсатында «Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асырылуда. Ал су шаруашылығын дамыту үшін «Тұран су» мемлекеттік кәсіпорынның жұмысын жүйелендіру есебінен каналдарды қалпына келтіру және төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын мерзімінде атқаруға қол жеткіздік. Нәтижесінде, бюджет қаржысы 28 пайызға үнемделіп, экономикалық тиімділігі 1,5-2 есе жоғары болды. Сондай-ақ екі ірі су нысаны толық пайдалануға берілді. Сыйымдылығы 18 млн текше метрді құрайтын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынып, нәтижесінде, жылына қосымша 34 млн текше метр ағын суды жеткізуге мүмкіндік ашылды. Түркістан магистралды каналының 59 шақырымын бетондау арқылы жылына 60 млн текше метр ағын су үнемдеуге қол жеткізілді. Бұдан бөлек, Түркістан қаласы өңірлерінде ағын су тапшылығын түбегейлі шешу үшін, «Боралдай», «Бәйдібек ата» су қоймасын салу жобалары әзірленіп, тиісті жұмыстар жүргізілуде», деді аймақ басшысы.
Облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі де өсіп келеді. Нақтыласақ, 1,4 есе көбейіп, 751 млрд теңгеден асқан. Оның 500 млрд-тан астамы – жеке инвестиция болса, 178 млрд-ы – бюджеттік инвестиция. Бұл орайда тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің 225,3 млн доллар болғанын және жалпы құны 3,3 трлн теңгені құрайтын 194 инвестициялық жобалардың пулы қалыптасқанын қаперге салып өтті.
Кәсіпкерліктің дамуы да – басты назарда. Бүгінде кәсіпкерлік субъектілерінің саны 28 мыңға артып, жалпы 213 мың бірлікті құрап тұр.
«Жыл басынан бері 1 трлн теңгеден астам өнімі шығарылды. Кәсіпкерлер 21,3 млрд теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Келесі жылы несиелендіру көлемін 40 млрд теңгеден асыруды межелеп отырмыз. Шағын және орта бизнесті қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін Сауран ауданында 30 гектар аумақта шағын өнеркәсіптік аймақ жобасы іске асырылып жатыр. Жобаға сәйкес алдағы 3 жылда 42 өндірістік ғимарат салынады. Қазір 11 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізіліп, кәсіпкерлерге жеңілдетілген талаптармен ұсынылды. Өз ісін бастауға ниет білдірген азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» арқылы 20 мыңнан аса қызмет түрлері тегін көрсетілді», деді әкім.
Аймақтағы туризм ахуалы да тәуір. Облыс басшылығы осы саланы дамыту үшін негізгі үш бағытты айқындады. Біріншісі – экологиялық туризм бағыты. Табиғи аумақтарға келушілер саны 2 есе артқан (2022 жылғы 74,9 мың адамнан 2023 жылы 123,1 мың адамға).
«Жалпы, табиғи аумақтарда 99 демалыс орны, 62 қонақ үй, 12 шипажай орналасқан. 30 туристік маршрут құрылды. Емдік-сауықтыру туризм бағытымен облыста 72 емдеу-сауықтыру орны жұмыс істейді (8 мың төсектік орын). 142 мың адамға қызмет көрсетілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 21 пайызға көп. Тарихи-танымдық туризм бағытымен жыл басынан өңірімізге біркүндік келуші саны 868 мың адамды құрады. Туристік нысандарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 34,4 млрд теңгені құрайтын 10 жоба жасалып жатыр», деп ақпарат берді.
Д.Сатыбалды брифинг барысында саяси реформалардың аймақтағы аяқ алысы жайлы да айтты.
«Түркістан облысы бойынша 140 ауылдық округ әкімдері сайланды. Сонымен қатар биыл 4 аудан әкімінің сайлауы өтті. Қабылданып жатқан реформалардың барлығы – мемлекеттік басқарудағы шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігін арттырып отыр», дейді.
Инфрақұрылыммен қамту да қағаберіс қалмайды. Қазір облыстағы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 719-ға жетіп, қамту деңгейі 86,4 пайызды құрап отыр.
«Биыл қосымша 20 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры салынады, 11 елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңартылады. Нәтижесінде, қамту деңгейі 88,6 пайызға жетеді. Қалған елді мекендерді алдағы 3 жылда толық қамту жоспарланып отыр. Сонымен бірге, 465 елді мекенге газ жүргізіліп, қамту деңгейі 56 пайызға жетті. Биыл 63 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 52 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде, жалпы газбен қамтылған елді мекендер саны 517-ге жетіп, қамту деңгейі 63 пайызды құрайды», деді өңір басшысы.
Сөз соңын әкім биыл жаңарған Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толғанын, осы кезеңде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңі қалыптасқанын тілге тиек етті. Ендігі кезең дамудың тың мүмкіндіктерін анықтайды.