– Өздеріңізге белгілі, Түркістан облысы республикадағы мақта өсіретін жалғыз өңір. Мақта шаруашылығында 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Облыста жыл сайын 120 мың гектар мақта егіліп, 300 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналады. Елде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, шикі мақтаны сату бағасы Ливерпуль мақта биржасындағы мақта талшығының индексіне тікелей тәуелді. Сондықтан біз тоқыма, тігін өнеркәсібін дамыту, мақта кластерін қалыптастыру мақсатында арнайы жоспар әзірледік. Өзбекстандық инвесторлармен бірлесе отырып, 2023-2025 жылдары Мақтаарал ауданында 21 млрд. теңгеге мақта-тоқыма кешені және логистикалық хабты құру инвестициялық жобасын жүзеге асырамыз. Жобаның қуаттылығы – 160 мың тонна, 3000 жаңа жұмыс орны құрылады. Ең алдымен мақта тұқымының сапасын жақсарту мәселесіне мән беріледі, – деді Дархан Сатыбалды.
Осы жұмыстар нәтижесінде облыста өндірілетін шитті мақтаның 70% терең қайта өңдеуден өткізіліп, баға нарығына тәуелділік жойылады. Бұдан бөлек, Түркия мемлекетімен элиталық мақта тұқымын елімізге импортауға келісімшарттар түзілді. 2027 жылға дейін ішкі нарық толығымен сапалы элиталық тұқымдармен қамтамасыз етіледі.Биыл көршілес Өзбекстан, Түркия елдерінен элиталы тұқымдық шит жеткізілген.
Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құру жобасы әзірленген. Ос іске асқанда 75 кәсіпорын салынбақ. Жобаны толық іске асыру кезінде 41,9 мың жаңа жұмыс орны құрылады, жыл сайын бюджетке түсетін түсімдер сомасы 26,2 млрд. теңгені құрайды. Жобаны толық іске асыру үшін инвестиция қажет. Осыған байланысты мақта-тоқыма кластерін құру бойынша салалық бағдарлама қабылдау жөнінде ҚР Үкіметіне ұсыныс енгізілген. Оған қоса, мақта алқаптарын қысқарту, егістікті әртараптандыру бойынша да жұмыстар басталған. Жүгері, маш өнімін егуге ұсыныс берілген. Бүгінде диқандар бұл бағытта да жұмыс жүргізуде. Сарапшылардың айтуынша, аталған дақылдардан түсетін табыс мол әрі сұраныс та жоғары.
Осы тұста айта кетерлігі, Өткен жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу және «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасы заңының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойған еді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде Түркістан облысында мақта кластерін құру жобасы әзірленді.
Таяуда осы жобаны талқылау және сарапшылар, мамандар пікірін білу мақсатында мәжіліс өткізілді. Жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған саланы дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды екенін жеткізді. Мақта дақылын өсіретін еліміздегі бірден-бір өңір – Түркістан облысының шаруалары бүгінде баға мәселесін жиі көтеріп, наразылықтарын білдіруде. Алдын ала айта кетелік, мақташылар көтерген мәселе жергілікті билікке мәлім және облыс әкімі тарапынан тиісті шаралар атқарылып жатыр. Дегенмен бұл облыс әкімдігі деңгейінде шешілетін мәселе емес. Сондықтан да осы салада еңбек ететін 25 мыңға жуық агроқұрылым, миллионнан астам тұрғын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге назар аударып, мақташылардың мұң-зары, нақты ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, мемлекет тарапынан қолдау болатынынан үмітті. Елордаға қарап елеңдеген диқандар Президент пәрменімен оң өзгеріс болатынына сенеді.
– Облыстың өзіндік табысын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Бұл ретте мақта кластерін дамытудың маңызы зор. Осы салада ірі фабрика, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Екіншіден, мақта өсіруде су үнемдеу технологиясын мейлінше жетілдіру қажет. Жалпы мақта шаруашылығы үлкен ізденістер мен зерттеулерді талап етеді. Облыс әкімдігі тарапынан мақта кластерін дамытуға жағдай жасалады. Осы бағытта үлкен жоспарларымыз бар, – деді Дархан Сатыбалды.Жиында өңірдегі мақта шаруашылығының ірі кәсіпкерлері, қаржылық ұйым өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары мен ғалымдар өз ұсыныстары мен пікірлерін айтты. Ең алдымен мақта сұрпының сапасын жақсарту керектігін жеткізді.
Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Өзбекстанның «Global Textile Group» компаниясы тобының жетекшісі Музаффар Разаковты қабылдады. Кездесу барысында Түркістан облысында мақта шаруашылығын дамыту, мақта шитінің сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Өңір басшысы бұл салада екіжақты әріптестіктің екі тарапқа да пайдасы мол екенін айта келе инвесторға алғысын білдірді.
– Жуырда инвестициялық штаб отырысында да байланысқа шығып, әріптестік байланыстар бойынша кеңескен болатынбыз. Өзара түсіністік пен келісім бар. Енді нақты жұмысты бастау керек. Бүгінде Түркістан облысы кәсіпкерлікке қолдау көрсету және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау жөнінен еліміз бойынша жетекші орында тұр. Өңірде өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар бар. Оның ішінде мақта шаруашылығын, мақта кластерін дамытуға әлеуетіміз жетеді. 2022 жылы облыста 126,3 мың гектар мақта егіліп, орташа өнімділігі 28,6 центнерді құрады. 361,8 мың тонна өнім жиналды. Бүгінгі таңда Түркістан облысының шаруалары 100 мың тонна мақта талшығын өндіре алады. Оның көп бөлігі экспортталады. Тек 15%-ы ғана терең өңделеді. Терең өңдеу бойынша көрсеткішті ұлғайтуымыз керек. Бірлескен жобаларды іске асыруда, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп саласында өзара тиімді тәжірибе алмасуда біздің болашағымыз зор деп санаймын, – деді Дархан Сатыбалды.
Өзбекстандық инвестор Музаффар Разаков та келісім бойынша жұмыс жүргізетінін, биыл нақты жоба қолға алынатынын жеткізді. Қазіргі таңда Түркістан облысы әкімдігі мен инвестор арасында бірлескен жұмыстар атқару бойынша Жол картасы әзірленген. Соған сәйкес, биыл Мақтаарал ауданындағы шаруалармен келісімшарт жасалып, 10 мың гектарға мақта егіледі. Ол үшін Өзбекстаннан жоғары сапалы 300 тонна мақта тұқымы жеткізілмек. Жоғары сапалы мақта шығатын болса, Жол картасындағы жоспар бойынша келесі жылы мақта егу жұмысы 20 мың, одан кейін 30 мың, 40 мың, 2026 жылы 50 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Оны мақтааралдық шаруалардан «Global Textile Group» компаниясы жоғары бағада сатып алады. Ал Жол картасының екінші және бесінші кезеңдері аралығында тиісті инфрақұрылымы бар мақта-тоқыма кешені мен логистикалық хаб жасақталады, мақта кластері дамиды. Тиісті учаске беріліп, инфрақұрылым әзірленген соң 2026 жылы Мақтаарал ауданында Мақта өңдеу зауыты мен Тігін мата фабрикасын іске қосу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Түркістан облысында туындаған мақта мәселесін шешу мақсатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен алқалы жиыны өткен болатын. Оған Сыртқы істер министрлігі, Инвестиция комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев, Сауда және интеграция министрінің орынбасары Қайрат Төребаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Бағлан Бекбауов, ҚР Парламент мәжілісінің депутаттары Қайнар Абасов пен Сырым Ертаев арнайы қатысты. Сондай-ақ мақта зауыттарының басшылары мен диқандар да болды. Басқосуда жыл сайын қайталанатын өзекті мәселені шешудің бірнеше жолы ұсынылды.
– Биыл мақта бағасы нақты белгіленбей әрі тұрақсыз болып, салдары осы саладағы агроқұрылымдардың наразылықтарын тудырды. Бұған мақта саласының шикізат күйінде экспортқа бағытталып, өңірде тоқыма тігін кластерін дамыту тиісті деңгейде қолға алынбауы да себеп болуда. Аталған мәселе жылда қайталанады. Осыған байланысты агроқұрылымдарды қолдап, мәселені жүйелі шешудің жолын қарастырған жөн. Біздің шаруалар шетелдік трейдерлік компанияларға тәуелді болып отыр. Бұл мәселе жылда қайталануда. Бүгін бірінші кезекте осы саладағы барлық проблеманы талқылап, қорытынды жасау үшін жиналып отырмыз. Алдағы уақытта ұсыныстарды нақтылап, орталық үкіметтік орган басшыларын өңірге шақырамыз. Шаруалармен, мақта зауыты басшыларымен тағы да кездесеміз. Біз өңір шаруаларының өз жұмысын жүргізіп, отбасыларын асырауларына қолайлы жағдай қалыптастыруға мүдделіміз, – деді Дархан Сатыбалды.