#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Сарапшылар Түркістанның туристік әлеуетін жоғары бағалады

Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары. Мүмкіндіктері де мол.

Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары. Мүмкіндіктері де мол. Бүгін Түркістан облысында туризм саласының дамуы және перспективалары талқыланған жиында туризм бизнесінің өкілдері осылай деді. Оларды Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай мен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюпов қабылдап, аталған саланы жан-жақты дамыту жолдарын талқылады. Алдымен қатысушыларға өңірде туризм саласында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.
Түркістан облысы туризм басқармасының басшысы Гүлмира Ахбердиеваның айтуынша, туристер санын арттыру бағытында біршама жұмыстар атқарылған.
– Түркістан қаласында бүгінде жоғарғы санатты қонақ үйлер саны 10-нан асты. Биыл «Керуен сарай» кешенінде ұлттық нақыштағы «Сандық» мейрамханасы мен кофеханалар ашылды. «Хазірет Сұлтан» жаңа әуежайы толықтай іске қосылды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне 10 айда 1 млн. 330 мың адам келген. Түркістан қаласында шілде-қараша аралығында қонақүйлердің толуы орташа есеппен 51 пайызды құрайды. Әуежайдың мәліметінше, Алматы мен Нұр-Сұлтаннан келетін және халықаралық рейстердің орташа толтырылуы 70-75%-ға жетті. Қазіргі таңда Түркістан қаласына саяхаттаушыларға туроператорлар тарапынан турпакеттер әзірленген, – деді ол.
Қазақстанның туристік қауымдастығының басшысы Рашида Шайкенова мен «Sky Way» туристік ұйымының басшысы Әсем Қозбағарова және өзге де туристік фирма басшылары Түркістан облысының туризм кластерін дамыту жөніндегі өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.
Мамандар Түркістандағы туристік нысандар мен ифрақұрылымды жоғары бағалады. Әсіресе, Түркістан қаласының Орта Азияның туристік жауһарына айналатынына сенімді екендіктерін жеткізді. Сонымен бірге қызмет сапасын арттыру, гидтерді көбейту, қазақтың мәдениеті мен болмысынан сыр шертетін этноауылдар салу, қолөнер орталығын қалыптастыру, әлемдік туроператорлар назарына ілігетін аса сапалы 4-5 ірі іс-шара немесе фестивальді дәстүрлі түрде өткізу және балалар туризмін дамыту бағытында ойларын білдірді. Ұлттық нақыштағы жобалардың туристерді қызықтыратынын атап өтті.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай: «Туризм – біздің өңір үшін жетекші сала. Наурызда саммит өтіп, Түркістан түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы атанды. Қаланың негізгі инфрақұрылымы қаланып, әуежай толық жұмыс істеп тұр. Әлем жұртшылығын қызықтыратын Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі маңында рухани-мәдени және туристік орталықтар салынды. Бүгін өздеріңізбен кездесіп, идеяларыңыз бен ұсыныстарыңызды тыңдадық. Түркістанның туризмін дамыту бағытында бірлесіп жұмыс атқарамыз» деді.

Соңғы жаңалықтар