Бүгін, 2 жетоқсанда сенаторлар «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қабылдады. Алдын ала мәлімет бойынша, 14 мыңнан аса сотталушы рақымшылыққа ілінеді, оның ішінде мыңға жуық адам босатылады, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Заңға сәйкес, Қылмыстық кодекстің кейбір баптары бойынша сотталғандарға жазаның өтелмеген бөлігі қысқартылады не пробациялық есептен шығарылады, ал онша ауыр емес қылмыстық істер бойынша іс жүргізу тоқтатылады.
«Бүгін біз Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дайындалған маңызды заңды қабылдадық. Рақымшылық – бұл гуманизм актісі, заңды бұзған азаматтарға қатысты мемлекеттің ізгі ниеті мен білдірген сенімі. Ол жасаған әрекетінің ауырлығы ескеріле отырып, ардагерлерге, кәмелет жасына толмағандарға, егде жастағы азаматтарға, I, II топтағы мүгедектерге және азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне аса қатер төндірмейтін адамдарға қатысты қолданылады», — деді Мәулен Әшімбаев.
Террористік және экстремистік қылмыс жасап сотталғандарға рақымшылық жасалмайды. Осылайша, алдын ала деректер бойынша 14 мыңнан аса сотталған адам рақымшылыққа ілігеді, олардың тек бір мыңға жуығы ғана бостандыққа шығады.
Енді заң Президентке қол қоюға жіберіледі және ол қолданысқа енгізілген күннен бастап 6 ай ішінде рақымшылық жасалады.
Сонымен қатар, заңда Үкімет пен әкімдіктер рақымшылық жасалғандарға жұмысқа орналастыру мен емделу бойынша әлеуметтік көмек көрсететіні жазылған. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы тоғызыншы рақымшылық.