Бүгін Түркістан қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шара аясында тәуелсіздік жетістіктері мен Елбасы жолын дәріптейтін кітаптар, деректі фильм және қолөнер бұйымдарының көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Салтанатты жиынға қатысушыларды қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков мерекемен құттықтады.
– Ел Тұңғыш Президентіне сенді, соңынан ерді. Ел сенімін ақтаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сындарлы шақта бірлік пен елдікті, татулық пен достықты ту етіп, нәтижесінде тәуелсіздіктің баянды, егемендіктің еңселі болуына халықты жұмылдыра білді. Киелі мекен – Түркістанымыздың облыс орталығы атанып, жаңа серпінмен дамуы да Елбасының идеясынан туындағанын ел біледі, – деді ол.
Жиында шаһар басшысы Мәңгілік Ел идеясын жүзеге асырудағы үлесі үшін түркістандықтарға шынайы ризашылығын білдіріп, үздіктерді Алғыс хатпен марапаттады. Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласты.