
Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының жанашыр кәсіпкерлері –Сұлтан Байрамуков, Бексұлтан Әділбеков, Кәрімберді Байдаровтар қайырымдылық жасап, жұртшылықты сүйсіндірді. Олар Құркелес ауылдық округі, Алғабас елді мекенінде тұратын көпбалалы Жандарбековтер отбасына 4 бөлмелі үй салып берді. Аталған отбасының қуанышымен бөлісуге аудан әкімінің орынбасары Б.Полатов арнайы барып, тұрғын үй иесіне үйдің кілтін табыстады. Жомарттық жасаған азаматтарға ізгі тілектерін айтып, үйге қажетті тұрмыстық техниканы тарту етті.
Жаңадан қоныстанған отбасында көпшілікке дастархан жайылып, Сарыағаш ауданының орталық мешітінің бас имамы Т.Төлебеков аруақтарға құран бағыштап, демеушілер мен үй иесіне өз батасын берді.
Баспана іші заман талабына сай жабдықталып, жылыту жүйесімен қамтамасыз етілген. Бұрын тар бөлмеде қысылып сабақ оқитын балаларының қазір жеке-жеке бөлмесі бар. Ас үй мен қонақ бөлмесі де ерекше безендірілген. Сонымен қатар үйге қажетті жиһаздар да алынған.
Отағасы Нұрлан – денсаулық жағдайына байланысты жұмыссыз. Жұбайы – Эльмира үй шаруасында, 1 жасқа толмаған баласының күтіміне байланысты жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ.
4 баланы тәрбиелеп отырған аз қамтылған отбасы 18 жылдан бері пәтер жалдап тұрып келген. Жақсылыққа ұмтылған жандар арқылы баспаналы болған олар демеушілерге өз алғыстарын жеткізді.