Биыл Қостанай облысында жас отбасыларға қайтарымсыз баспана сертификаттары беріле бастайды. Бір сертификаттың құны — 3 млн теңге, деп хабарлайды ADYM.KZ Egemen.kz басылымына сілтеме жасап.
Аталған басқарма, сонымен қатар, «Жастар үшін қолжетімді баспана» бағдарламасын да әзірлеп қойыпты. Бұл бағдарлама бойынша жастар мен жас отбасыларға баспана сатып алу үшін көмек ретінде мөлшері 3 млн теңгеге дейін тұрғын үй сертификаттары берілмек. Қаржы түріндегі әлеуметтік көмек жас отбасылардың «Отбасы банктегі» депозиттеріне бастапқы жарна ретінде салынады. Бүгінде Қостанай облысында 6 462 жас тұрғын үй кезегінде тұр. Олар баспана сертификатына жас ерлі-зайыптылардың неше жыл бірге тұрып жатқанын, балаларының санын анықтау арқылы бағаланатын конкурс арқылы ғана қол жеткізе алады. Бұл конкурстың қалай өтетіні қазірше белгісіз. Жастар саясаты басқармасының басшысы бағдарламаны іске қосу үшін заңнамалық актілерге бірқатар өзгерістер енгізу керектігін айтты. Қазір басқарма осы бағытта жұмыс істеп жатыр.
«Түзетулер енгізіле салысымен, біз бірден жастардың өтінішін қабылдауды бастаймыз», — деді С.Шамұрынов.