«ҚТЖ» ҰК» АҚ Балқаш жол дистанциясының басшысы ұсталды. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Бас көлік прокуратурасы мен Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті бірлесіп «ҚТЖ»ҰК» АҚ бөлімшесі лауазымды тұлғаларының заңға қайшы әрекеттерін анықтады.
2021 жылдың 10 ақпанында «ҚТЖ» ҰК» АҚ Балқаш жол дистанциясы бөлімшесінің бастығы Т. есімді адам ұсталып, кейін сот санкциясымен қамауға алынды», — делінген хабарламада.
Алдын ала тергеу бойынша, ол лауазымды тұлғалармен бірге темір жол төсеміне күрделі жөндеу жұмыстарын толық көлемде жасамай бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.
Көлік прокуратурасының мәліметінше, жалпы шығын 92 миллион теңгеден асты.
»Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды», — деп қорытындылады ведомство өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қазақстан темір жолы (ҚТЖ) қызметкерлері кәсіпкерлерден ірі көлемде ақша бопсалаумен айналысқанын мәлімдеген еді.