Алматыдағы ІІМ академиясының басшысы қызметінен босатылды, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқу орнына Ішкі істер министрлігінің Кадр саясаты және өзіндік қауіпсіздік департаменттерінің басшылығы мен жауапты қызметкерлерінен арнайы топ жіберілді.
«Тексеру қорытындысы бойынша ІІМ-де тәртіптік комиссия өтті. Ішкі істер министрінің бұйрығымен сеніп тапсырылған бөлімшеде жұмысты ұйымдастыруға тиісті бақылаудың жоқтығы үшін атқарып отырған лауазымынан академия басшысы Өмербай Смайылов босатылды.
Сондай-ақ, оның тәрбие-идеологиялық және кадр жұмысына жетекшілік ететін орынбасары қызметінен босатылуға ұсынылды.
Бұдан бөлек, академияның тағы 16 жауапты қызметкері қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, олардың 5-і лауазымынан босатылды», — делінген хабарламада.
Академияның оқу процесін, тұрмыстық жағдайларын, моральдық-психологиялық ахуалын, қаржы-шаруашылық қызметін кешенді тексеру тағайындалды. Оқу орнына Министрліктің ішкі аудит, кадр саясаты және өзіндік қауіпсіздік департаменттерінің қызметкерлері жіберілді.
Министр Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша осындай тексерулер 2021 жылдың 1-тоқсанында ІІМ-нің барлық оқу орнында жүргізіледі.