Қарағандылық полицейлер адам өліміне қатысы бар деген күдікпен он бес жылдан бері іздеуде жүрген ресейлікті ұстады, — деп хабарлайды ADYM.KZ Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
23 қарашада Қарағанды облысының ПД Криминалдық полиция басқармасына Ресей ІІМ Самара облысы бойынша Бас басқармасынан аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен іздеуде жүрген 43 жастағы Ресей азаматының Қарағанды облысының аумағында болуы мүмкін деген ақпарат келіп түсті.
«Осы дерек бойынша Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 105-бабының 2-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғаған. 30 қарашада Теміртау қаласында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Қарағанды облысының ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері он бес жыл бойы қашып жүрген ресейлік азаматты анықтап, ұстады. Іздеуде жүрген күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, бұл туралы Ресей ІІМ Бас басқармасына хабарланды», — делінген хабарламада.