Маңғыстау облысында 3 күн теңізде болған 7 жұмысшы құтқарылды, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, жеке компанияның қызметкерлері 3 күн бойы мұздың қатуы салдарынан жағалауға жете алмаған.
«Теңіз жағалауында мұздың қатуы салдарынан «Металлист Р» ЖШС қызметкерлері 3 тәулік бойы жағалауға шыға алмаған.
Маңғыстау облысы ТЖД ақпаратынан кейін зардап шеккен Қазақстан азаматтарын құтқару жұмысы ұйымдастырылды. Бұл жұмысқа Ақтау әуе базасынан Ми-8 тікұшағы тартылды», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, оқиға орнына 6 құтқарушы, арнайы техника жіберілді.
«Осылайша 29 қарашада шамамен кешкі сағат 19.00-де 7 адам эвакуацияланды. Зардап шеккендердің барлығына алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жылы киім мен тамақ берілді», — делінген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.