Түркістан қаласындағы құрылыс жұмыстарында бүгінде 4000-нан астам жұмысшы еңбектенуде. Қара жұмыстың бар қиындығын арқалаған құрылысшылардың еңбегі ерен. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мердігер компания басшыларына құрылыс алаңдарында карантин талаптарының қатаң қадағаланып, қауіпсіздік шараларының сақталуын және құрылысшылардың қолайлы еңбек жағдайын жасауын тапсырған болатын.
Осы орайда әр азамат өз құқығын білуі тиіс деген мақсатпен, құрылысшыларға еңбек қауіпсіздігінің ережелері мен құқықтары және міндеттері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Жиынға облыс орталығындағы әкімшілік-іскерлік орталығында көпқабатты тұрғын үйлер мен әуежай, конгресс холл және тағы да басқа нысандарды салып жатқан мердігер компания басшылары мен жұмысшылары қатысты.
Облыстық еңбек инспекциясы басшысының орынбасары Бегман Нұрмаханов пен мемлекеттік еңбек инспекторлары құрылысшыларға еңбек шартын жасасу, өзгерту және толықтыру тәртібі, ауысымдық жұмыс, түнгі уақыттағы және үстеме жұмыс, жалақы төлеудің мерзімдері, лауазымдарды қоса атқарғаны үшін қосымша ақы төлеу, жұмыскерлерді жазатайым оқиғадан сақтандыру, профилактикалық шараларды жүргізу туралы мәселелерді түсіндірді. Кездесу барысында мамандар жұмысшылар тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауап берді. Аталмыш шара алдағы уақытта да жалғасын табады.