Өскелең ұрпақты білімді де зияткер етіп тәрбиелеу үшін үнемі ізденісте болып, білім жүйесіне жаңалықтар енгізіп, өзіндік идеялар ұсынып, оны жүзеге асырып отыру қажет. №90 жалпы орта білім беретін мектебінде осы бағытқа да ерекше мән берілген. Мектеп директоры Орынбеков Арман Шымбайұлының идеясымен жасалынған ерекше дүниелер жеткілікті. Солардың бірі мектеп дәлізіне орнатылған жер шарының үлгісі – алып глобус. Бұл қазіргі таңда көлемі жөнінен орта Азия мектептеріндегі ең үлкен глобус болып саналады. Диаметрі 200 см., биіктігі 3,5 м және салмағы 400 кг.болатын глобусты жасауға технология пәнінің мұғалімдері Қыдырәлі Агибаев, Пердехан Тансықов және Болат Серікбеков пен 300-ге жуық оқушы қатысқан болатын. Глобусты жасау үшін гипсокартон материалы қолданылған. Глобус 2015-2016 оқу-жылдарында жасалған. Бұл ерекше дүниені жасауға 6 айға жуық уақыт жұмсалыпты. Орталық Азия мектептерінде жоқ алып глобус (жер шары) Қазақстандық КИнЭС-2020 рекордтар кітабына енгізілуге ұсынылып, жеңімпаз атанды. Жеңімпаз аталғандығы расталып, Қазақстандық КИнЭС-2020 рекордтар кітабының бас редакторы К.А.Тазабековтың сертификатына ие болды.