Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен онлайн-брифингте мәлім етті. Брифингке «Shymkent» ӘКК урбанистика департаментінің директоры Жеңіс Жалбыр, «QazSmartTrans» ЖШС-і директоры Сержан Ақылбаев қатысып, қоғамдық көлік саласына енгізілетін реформаларды таныстырды
Брифингте белгілі болғандай, басты реформаның бірі – қаладағы қоғамдық көліктерге электрондық билеттендіру жүйесін енгізу. Бұл реформа «QazSmartTrans» ЖШС-нің жеке инвестициялары есебінен жүзеге асырылады. Жүйені осы жылдың шілде айында пайдалануға беру жоспарлануда.
Белгілі болғаны, электрондық карта бағасы – 500 теңге. Карталардың 4 түрі бар. Олар – жалпы пайдаланатын карта, оқушылардың картасы, студенттік карта және тегін жүру картасы.
Ұлы Отан Соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлеріне («Ерен еңбегі үшін медалімен» марапатталғандар), «Батыр ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталғандар және І-топтағы көру қабілеті нашар зағип жандарға карта тегін таратылады.