Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иран Президенті Хасан Руханимен телефон арқылы сөйлесті, — деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
Тараптар қазақ-иран қатынастарының қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын, соның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты экономикалық байланыстарды жандандырудың нақты шараларын үкіметтер деңгейінде әзірлеуді ұсынды.
Мемлекеттердің COVID-19 індетіне қарсы күреске қатысты қабылдаған шараларына ерекше назар аударылды. Иран Президенті індеттің таралуын болдырмау жөніндегі Қазақстан басшылығының қабылдаған шешімдері мен атқарған іс-қимылдарын, сондай-ақ, халық арасында кең ауқымда жүргізілген коронавирусты анықтау жұмыстарын жоғары бағалады. Әңгіме соңында Хасан Рухани Қасым-Жомарт Тоқаевты Тегеранға ресми сапармен келуге шақырды.