#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Túrkistan: Үш ауданда табиғат апатынан болған залал шығындары есептелуде

Adym_News: Түркістан облысының тағы үш ауданында жауын-шашын салдарынан аулаларды су басты. Атап айтар болсақ, Төлеби, Қазығұрт, Бәйдібек ауданы аумағында болған нөсердің соңы өзен суының тасуына, каналдардың арнасынан асуына ұласты.

 

Қатты нөсер жауыннан келген қауіп

13 мамыр Түркістан облысының таулы өңірлерінде толассыз жауған жаңбырдың соңы су тасқынына ұласты. Облысқа қарасты Төлеби ауданында Қасқасу өзені арнасынан асып, ауыл арасындағы көпірлерді су шайып кетті. Қасқасу ауылындағы төрт түлік суға кетіп, тұрғын үйлердің ауласын су басты.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, табиғи апат бүгін сағат 16:30 шамасында орын алған. Қатты жауған нөсер жауын салдарынан өзендегі су деңгейі көтеріліп, жан-жаққа жайылған.

«Қасқасу өзені тасып, ауыл ішіндегі 4 көпірді шайған. 4 тана және 4 қой суға кетті. Екпінді ауылындағы 4 үйдің ауласына су кірді. Оқиға орнына ТЖД 36 жеке құрам, 5 матопомпа 3 дана техника жұмылдырылды. Өзеннің төменгі ағысында Тасарық, Қазақстан, Көксәйек, Зертас елдімекендері орналасқан. Қазіргі таңда бұл ауылдарда су тасу қауіпі және нөсер жауын жоқ», — делінген хабарламада.

Ал, аудан әкімдігі тарапынан құрылған жедел жұмыс тобы судан келген қауіптің алдын-алу жұмыстарын ұйымдастырылды.

«Оқиға орнына аудан әкімі Бауыржан Омарбековтің бастамасымен құрылған жұмыс тобы барып, жағдай барысымен танысты. Қасқасу ауылының тұрғындар үшін жанама көпір арқылы өту жолдары қарастырылды. Қазірден бастап көпірлерді қалпына келтіру жұмыстары басталды», — дейді аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Аудан әкімдігі табиғат апатынан зардап шеккен тұрғындарды сабырға шақырып, шұғыл ақпараттар қабылдау үшін Төлеби ауданы әкімдігінің жедел штабының 8(725 47) 6-11-42 байланыс нөмері тәулік бойы қызмет көрсететіндігін мәлімдеді.

Түнгі сағат 21.45 шамаларында, Төлеби ауданы, Киелітас а/о, Сұлтан-Рабат ауылы, Сауран көшесінде және Достық елдімекені Жылқыбаев көшесінде аудан аумағында жауған нөсерлі жаңбырдың суы жалпы 77 тұрғын үйдің ауласына кіргені туралы хабарлама түскен. Тұрғындар Ленгер қаласындағы N8 колледжге жайғастырылып, тиісті заттармен қамтамасыз етілді.

Бұдан бөлек, Көксәйек а/о, N9 колледжде эвакуациялық бөлімше әзірленген.
Оқиға орнында жергілікті әкімдік пен ТЖД қызметкерлері жұмыс істеуде.

«Аудан әкімі Б.Омарбеков бастаған төтенше жағдайдың алдын-алу жөніндегі жедел штаб аудан аумағындағы елді мекендердегі жағдай барысымен танысып шықты. Аудан аумағынадғы нөсер жауыннан жиналған су ағыны тоқтады. Қазіргі уақытта елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ. Эвакуацияланған тұрғындардың қараусыз қалған тұрғын үйлерін аудандық полиция бөлімі қызметкерлері тарапынан күзету жұмыстары ұйымдастырылды», дейді Төлеби ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Су тасқыны бойынша шұғыл штаб құрылды

Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы су тасқыны бойынша шұғыл штаб құрылды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Сәкен Қалқаманов айтты.

«Қасқасу ауылдық округі, Жоғарғы Қасқасу ауылында қатты жауынның салдарынан Қасқасу өзені тасып, Жоғарғы Қасқасу ауылы ішіндегі төрт көпірді су шайған. Сонымен қатар, Екпінді ауылының 4 жеке тұрғын үйіне және 15 үйдің ауласына су кірген. Барлығы 15 м.куб су сорылды. Осы жағдайға байланысты Төтенше жағдайлар департаментінде сағат 19:20-да штаб құрылды. Қазіргі таңда бұл ауылдарда су тасу қауіпі жоқ. Оқиға орнына ТЖД 82 қызметкері, 8 дана техникасы, 11 мотапомпа және жергілікті аудан ауыл әкімдіктерінен 25 қызметкер 4 дана техника күштері жұмылдырылды», — деді Сәкен Қалқаманов желідегі парақшасында.

Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбековтың айтуынша ең күрделі жағдай Сұлтанрабат елді мекенінде қалыптасып отыр.

«Ең күрделі жағдай Сұлтанрабат елді мекенінде қалыптасып, онда Сауран көшесінің 150 тұрғын үйі орналасқан бөлігінен су ағып өтті. Бірнеше үйлердің ауласына және үйлердің ішіне су кіру жағдайы тіркелді. Қазіргі таңда біз нақты қанша үйге су кіргенін анықтаудамыз. Ауылдық округтегі осы көшенің тұрғындарын эвакуациялау жағдайын ұйымдастырдық. Леңгір қаласындағы №8 колледждің жатақханасына орналастырдық»,- деді аудан әкімі.

Көкібел су қоймасынан 133 адам эвакуацияланды

13 мамыр жауған нөсерлі жаңбыр салдарынан Қазығұрт ауданы аумағындағы бірнеше елді мекенді сел басты.

Ауданы әкімдігінің мәліметінше, кеше кешкісін сағат 19:30 шамасында өрт сөндіру бөлімінің байланыс торабына Алтынтөбе, Жігерген, С.Рақымов ауыл округтері тұрғындарынан үйдің ауласына жаңбыр суы жиналғаны туралы хабар келіп түскен.

«Оқиға орнына Қазығұрт ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы мен аудан әкімдігі қызметкерлері дер кезінде келіп, Алтынтөбе ауыл округі мен Қаржан елді мекенінде 2-үй, 1-емхана, 1-дәріхана, 2-қоражайдың аулаларына су кіргенін анықтаған. Ал, Жігерген ауыл округі бойынша 30-үйдің ауласына су кіргені және 4-қора құлағаны тіркелді. С.Рақымов ауыл округі Қызылата елді мекенінде 4-үй, 1-мешіттің ауласына су кіргені анықталған. Көкібел су қоймасының (151,0 мың м3) толуына байланысты Көкібел елді мекеніндегі 27 отбасының 133 адамы Көкібел мектебіне эвакуацияланып, азық-түлікпен, медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Аталған оқиға орнына өрт сөндіру бөлімінің 30 қызметкері, аудан, ауыл әкімдігінің 15 қызметкері 6-техника және 5 мотопомпамен үй аулаларынан су шығару жұмыстарын жүргізуде. Орын алған жағдайлар бойынша зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта жағдай толық бақылауға алынып, келтірілген залал шығындары есептелуде», — делінген хабарламада.

Тұтарық каналы 4 жерінен бұзылған

Толассыз жауған нөсердің салдарынан Бәйдібек ауданында да су тасқыны болды. Ақбастау ауылдық округіне қарасты Тұрақты елді мекенінде жауын-шашын салдарынан Тұтарық каналы 4 жерінен бұзылып, ауылды су басқан. Оқиға орнына аудан әкімі Е.Шәріпбеков пен аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері барып, ауылға кірген суды өзен арнасына бұрып, түсірді. Тұрғындардың дені Ақбастау ауылындағы Ш.Уалиханов атындағы жалпы орта мектебіне эвакуацияланды.

 

Аудан әкімдігінің мәліметінше, су тасқыны кеше кешкісін саған 20:00 шамасында орын алған. Соңғы мәлімет бойынша 2 қора құлаған, ауласына су кірген үйлердің саны нақтылануда. Сонымен бірге қырдағы сай-салалардан ағып келген сулардың салдарынан Боралдай ауылдық округіндегі Қаратас ауылының 6 үйіне, Боралдай ауылындағы Ә.Жұмаділұлы көшесіндегі 6 үйдің ауласына су кірген. Су айдағыш құрылғылар арқылы су ауладан шығарылуда. Аталған оқиға орнына өрт сөндіру бөлімінің 48 қызметкері мен аудан, ауыл әкімдігінің 23 қызметкері, аудандық полиция бөлімінің 16 қызметкері 10 техникамен және 8 мотопомпамен жұмылдырылған. Орын алған жағдайлар бойынша келтірілген залал шығындары есептелуде.

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістанның Төлеби ауданында Қасқасу өзені арнасынан асып, 4 көпірді су шайып кеткені туралы хабарлаған болатынбыз. Сонымен қатар, Шымкент қаласындағы 60 үйдің ауласын да су басып қалды.

 

Соңғы жаңалықтар