Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері Сарыағаш ауданында түрлі жобалар мен акцияларды қолдап, қайырымдылық көрсетіп жатқан жомарт жандар саны күн санап артып келеді. Жақсылыққа жаны құмар осындай азаматтар ауданда тұратын аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау білдіріп, азық-түлік себеттерін үлестіруде.
Рамазан айындағы игілікті істен аудандық мәслихаттың депутаты да шет қалған жоқ. Бүгін Елбасының бастамасымен қолға алынған «BIZBIRGEMIZ» республикалық акциясы аясында аудандық мәслихаттың депутаты, «Nur Otan» партиясының фракция мүшесі Жомарт Абдібаев аудандық Жастар ресурстық орталығының ерікті жастары арқылы Жібек жолы ауылдық округінің аумағындағы мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты, көпбалалы және тұрмысы төмен мұқтаж 100 отбасыға азық-түлік себеттерін үлестірді.
Аталған қайырымдылық шарасын ұйымдастырушылар халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған бөлігіне көмек қолын созу арқылы қиын-қыстау кезеңде мейірімділік пен ізгілікті жоғалтпауды мақсат ететіндіктерін айтады.
Азық-түлік себеттерін жеткізуге еріктілер қатарында «Сарыағаш» қоғамдық саяси газетінің директоры, ақын, ҚР жазушылар және журналистер одағының мүшесі Мұрат Бекейде болды. Көмек алған отбасылар қайырымдық шарасын ұйымдастырушыларға ізгі тілектерін білдіріп, ақ жаулықты аналар ақ батасын беріп, алғыс айтты.