Германияда өндірілген «Jenny» маркалы өкпені жасанды желдету аппараттарымен Түркістан облысының барлық аудандық, қалалық ауруханалары қамтамасыз етіледі. Жаңа медициналық аппаратты облыс әкімдігінде арнайы мамандар таныстырды. Өмірзақ Шөкеев COVID-19 инфекциясының таралуына қатысты жағдайдың қатаң бақылауда екенін атап өтті.
Облыстық бюджет есебінен қаржыландырылған 26 өкпені жасанды желдету аппараттары ең алдымен Жетісай, Ордабасы, Кентау, Отырар, Сарыағаш, Сайрам, Қарабұлақ, Түлкібас аудандық орталық ауруханалары мен Түркістан қалалық орталық және балалар ауруханасына жеткізілген. Аталған қондырғыларға облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы өткен жылдың желтоқсан айында тапсырыс берген. Сол уақтта белгіленген бағамен әрқайсысы 16 миллион теңгеге сатып алынды.
«Бұл аппараттарды алып келуге жеткізуші компания қолдау көрсетті. Жаңа қондырғылар бұрынғы, яғни, қымбаттамай тұрғандағы бағамен сатып алынды. Оның үстіне неміс аппараттары балаларға да, ересектерге де арналған. Лайым, қондырғыны ешкімге қолданбайық»,-деді облыс әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев.
Әзірге облыс аумағында өкпені жасанды желдету аппаратына тәуелді ауыр халдегі науқастар жоқ. Алдағы уақытта оған мұқтаждар болғандар үшін аппарат саны өңірде жеткілікті. Соңғы үлгіде жабдықталған өкпені жасанды желдету аппараттары бір мезетте қан қысымын көрсетіп, жүрек соғысы мен кардиограммасын экранда бірден көрсетіп тұрады. Оларды өңірдегі ауруханалардың бірінші басшылары мен жансақтау бөлімінің дәрігерлері, инженер-мамандары тексеріп қабылдап алуда.
Жеткізуші компания өкілдерінің құрал-жабдықтарды Алматы қаласынан Түркістан облысына ешбір кедергісіз тасымалдауы бақылауға алынған болатын.