Мемлекет басшысы да жуырда өткен төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында көктемдегі ауыл шаруашылығының мәселелеріне баса назар аударуды міндеттеді.
«Елдің оңтүстігінде қазірдің өзінде егін егу жұмыстары жүргізілуде (30% аяқталды). Басқа аймақтарда көктемгі дала жұмыстары бір ай ішінде басталуы тиіс. Фермерлер айналым қаражатымен, пестицидтермен, тыңайтқыштармен, сапалы тұқымдармен, жанар-жағармаймен қамтылуы керек. Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру көлемі 3 есе артып, 170 млрд теңгеге жетті», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Егістікті ертеңге қалдырғанның зиянын жақсы білетін, көктемгі дала жұмыстарын ерте бастайтын Түркістан өңірінің диқандары бүгінгі жағдайдағы барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып қызу іске кіріскен. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын 825,4 мың гектарға егу межеленген. Егістікті әртараптандыруға сәйкес картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемі 122 мың гектар болып, өткен жылмен салыстырғанда 3,2 мың гектарға артқан. Сонымен қатар мал азықтық дақылдар алқабының көлемі 11,6 мың гектарға көбейіп, 213 мың гектарға жетті. Ал майлы дақылдар көлемі өткен жылдың деңгейінде 91,4 мың гектарға, масақты дақылдар 226,9 мың гектарға, мақта дақылы 118 мың гектарға орналастырылады. Бүгінде 503 800 гектарға жоспарланған жаздық дақылдардың 159 мың гектары егілген. Сонымен қатар осы жылдың өніміне егілген 160 мың гектар күздік астықтың 75 мың гектары үстеп қоректендірілді. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 37 мың тонна жанармай бөлінгенін айтады. «Ақпан, наурыз айына қаралған 20 мың тонна жанармайдың құны толығымен төленіп, 4,2 мың тоннасы тауар өндірушілерге босатылды. Жанармайды босату бағасы сәуір айынан бастап литріне шаққанда 160 теңгені құрайды. Бұл нарықтық бағадан 25 теңгеге арзан», дейді басқарма басшысы.
Сондай-ақ 93,5 мың тонна минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 3,75 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Бүгінгі таңда облысқа «ҚазАзот» акционерлік қоғамы тарапынан 27 мың тонна минералды тыңайтқыштар жеткізіліп, 7 мың тоннасы тауар өндірушілерге босатылған. Дала жұмыстарын жүргізуге қолда бар 17 мың доңғалақты трактордың, 2,9 мың соқаның, 430 қопсытқыштың және 1800 дән сепкіштің 97 пайызы іске жарап тұр. Облыс бойынша тауар өндірушілер жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген. Өңірдегі жалпы жағдай осындай, аудандарда атқарылып жатқан жұмыстар да басқарма басшысының деректерін растай түседі.