Цирк өнерінің тарихы тым терең болғанымен, бұл ғажайып өнер иелерінің төл, кәсіби мерекесі жақында ғана қолға алынды.
2010 жылы Халықаралық цирк қауымдастығы Монако ханшайымы Стефанияның демеушілігімен, сәуір айының үшінші сенбісін цирк күні етіп салтанатты түрде мерекелік рухпен өткізейік, сол арқылы цирк қызметкерлерінің кәсіптік ынтымағын, достық қарым-қатынасын арттырайық деген ниетпен бастама көтереді. Содан бері бұл күн халықаралық цирк күні ретінде аталып келеді. Ақпарат алмасу, фестивальдік шаралар, жаңа цирк ұжымдарының ұйымдасуына қолдау көрсету, өзара қарым-қатынас шығармашылық иелеріне тың серпін берді.
Қауымдастық Мәскеуде өтетін дәстүрлі «Идол», Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Азия жаңғырығы» фестивальдарына белсене қатысып, цирк өнерінің жалпы деңгейін, рекордтық жетістіктерін саралап, Монте-Карлода өтетін фестивальге шақырып, шығармашылықты ынталандырып отырады. Бұл күнде Монакода орналасқан қауымдастықтан құттықтаулар келіп жатады.
Құрылғанына небәрі 8 жыл болған Шымкент-цирк ұжымы да тез арада кәсіптік шеберліктерін шыңдап, мәртебелі байқауларда биіктен көріне білді. Осылайша қауымдастықтың мүшесі ретінде өз орнын айқындады.
50 жылдық тарихы бар Қазақ мемлекеттік циркінің (республикада 3 ғана кәсіптік цирк бар) құрамдас бір бөлігі болып танылатын ұжым акробаттар мен гимнастардың, жонглерлік, вольтиж, эксцентрика, иллюзия өнерінің шеберлерін дайындап, кезең-кезеңімен жаңа қойылымдар дайындап, көрерменін таңғалдырып келеді.
Атап айтар болсақ, кермелі арқанда еркін жүріп өнер көрсететін ағайынды Сұраншиевтер, керемет ептілік пен ержүректілікті, тепе-теңдіктің жоғары нұсқасын талап ететін «Семафор» аттракционындағы хас шеберлер мегаполис тұрғындарын таңғалдырудан шаршаған емес.
Цирк өнеріндегі ұлттық бояуы қанық Қ.Дүйсеқұловтың жетекшілігіндегі шабандоздар тобының, қазақ қыздарының ішінде бүгінгі таңда топ жарып, жеке дара жыртқыш аңдармен өнер көрсететін дрессура шебері Ж.Қалметованың тәуекелі де көрерменді шапалақ соқтырып, делебесін қоздырып-ақ келеді. Ал Е.Таңатов, Ә.Әбдразақтың көңілді әзілдермен көмкерілген клоундық ойындары кішкентай көрерменнің қиялын аспандатып, алысқа жетелей түсуде.
2019 жылғы «Азия жаңғырығы» фестивалінің қос жүлдегері «Байқоңыр» және «Серіппелі тақтайлар» қойылымдары тек Шымкент циркінің ғана емес, ұлттық циркіміздің алтын қорына кірген дүниелер десек артық болмас. Осы 8 жыл ішінде Шымкент-цирк әртістері Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Қызылорда, Тараз, Түркістан сынды еліміздің бірқатар қалаларында болып, тәуекелі басым өнерге сусаған көрерменге өз қойылымдарын көрсетті. Сондай-ақ Шымкент-цирк толыққанды ойын бағдарламаларын шапито нұсқасымен көптеген аудан орталықтары мен қалаларда көрсетуді дәстүрге айналдырды.
Өнердің биік мұраттарына берік ұжым атынан барша отандық әріптестерімізді төл мерекесімен құттықтаймыз. Қойылымдарымызды асыға күткен патша көңіл көрермендерімізді әлемді әлекке салған коронавирус індетінен құтылған шуақты күндерде көруге асығамыз.