12 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан әуежайы Ashyq жобасымен жұмыс істейді. Бұл туралы әуе айлағының баспасөз қызметі хабарлады, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Ертең, 12 мамырдан бастап Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында Ashyq қосымшасы іске қосылады. Барлық жолаушыға қосымшаны алдын ала жүктеп алып, онда көрсетілген мәртебесін тексеру қажет екенін ескертеміз.
Терминал ғимаратына «сары» және «қызыл» мәртебесі бар адамдар жіберілмейді. Ол жағдайда қаражатты қайтару мәселесі бойынша сауалдарды авиакомпанияға жіберген жөн. Ақпарат Денсаулық сақтау министрлігінің жалпы базасынан алынады және жолаушының қазіргі уақыттағы мәртебесі анықталады», — деп түсіндірді баспасөз қызметі өкілі.
Смартфоны жоқ жолаушылар ЖСН арқылы әуежай қызметкері планшетін қолданып мәртебесін тексере алады. Шетелдік жолаушылар мәртебесін төлқұжат нөмірін енгізу арқылы тексереді.
Сондай-ақ, әуежай қызметкерлері «таңертеңгі рейстер кезінде» осы мәселеге байланысты ұзын-сонар кезек туындағанын айтты.
«Мұндай жағдай қайталанбас үшін қосымшаны ұялы телефоныңызға алдын ала жүктеп алуды ұсынамыз», — деді баспасөз қызметі өкілі.