Түркістан қаласында жыл соңына дейін 42 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Оның ішінде 7 қабатты 24 тұрғын үй қыркүйек-қазан айларында ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде. Әкімшілік-іскерлік орталықта салынып жатқан бұл үйлердің құрылысы уақытылы, әрі сапалы салынуы үшін жауапты мамандар бекітіліп, күн сайынғы мониторинг жұмыстары да жүргізілуде. Жалпы 1, 2 және 3 бөлмеден тұратын 1452 пәтердің құрылысына 634 жұмысшы, 33 техника жұмылдырылған. Қазіргі таңда мұнда жабын плитасын орнату, қабырғасын қалау, электр және сантехника, ішкі сылақ, қасбет (фасад) жұмыстары істеліп жатыр.
Заманауи үйлгіде салынып жатқан ғимаратта талапқа сай барлық сапалы коммуналдық қызметтер қарастырылған. Бұл үйлерде жылыту жүйесі автономды режимде жұмыс істейтін болады. Яғни, әр пәтер иесі жылу жүйесін өзі қосып, өшіріп басқарады. Айта кетейік, бой көтеріп кележатқан 1452 пәтердің 450-і аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, ал 1002 пәтері кредиттік тұрғын үй, яғни банкте кезекте тұрған салымшыларға берілетін болады.
Ал, қалған 18 үй, яғни 12 қабатты 10 үй мен 5 қабатты 8 үй жыл соңына дейін жеке инвестиция тарапынан салынып, пайдалануға берілетін болады.
Одан бөлек, Әкімшілік-іскерлік орталықта 12 қабатты 45 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. 2021 жылы аяқталатын үйлер құрылысында 13 мердігер (жұмысшы саны — 280, техника саны — 35) тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары жүруде. Сондай-ақ, 2021 жылы аяқталатын 7 қабатты 15 және 9 қабатты 5 үйдің де құрылыс жұмыстары жалғасуда.