Алматы тұрғындарының 32 пайызы жастар. Біз айтып отырған 14 пен 35 жас аралығындағы 682 мыңнан астам азаматтың 421,6 мыңы жұмыс істейді, 277 мыңы – ЖОО мен колледж студенті (150 мыңға жуығы тіркелмеген), 81 мыңы – жоғары сынып оқушысы болса, 47,8 мыңы NEET санатындағы жастар.
Бұл – оқыту және жұмысқа орналастыру, арнайы инфрақұрылым құру, сондай-ақ NEET жастарды мәдени, спорттық, танымдық іс-шараларға тарту. Осы бағытта арнайы жол карта әзірленген.
«Біз жоғары оқу орындарын, колледждерді және ірі компанияларды тарта отырып, жаңа кешенді тәсілді қолдандық. «ХедХантер.kz», «ОЛХ.kz», «Найми.kz» платформа деректерін талдау негізінде өзекті мамандықтар бойынша қысқа мерзімді 30 оқыту курсы іске қосылды. Олар сату жөніндегі менеджер, мобилограф, SMM-менеджер, графикалық дизайнер, таргетолог, гид, курьер және басқа да салалар. «Бір терезе» қағидаты бойынша қысқа мерзімді оқыту орталығын құру жастарға бюрократиялық сатылардан өтуді жеңілдетіп, жұмысқа орналасқандардың үлесін арттыруға мүмкіндік беріп отыр», дейді Ә.Қажденбек.
Басқарма берген мәліметке сенсек, жыл басынан бері арнайы курстан өткен 6 мың жастың 4,2 мыңы жұмысқа орналасып, бірқатары тағылымдамадан өтіп жатыр. Ал 2 мыңнан астам азамат әлі де жұмыссыздар санатында. Биылғы қазан айының екінші онкүндігінде өзекті мамандықтар бойынша қосымша 10 курс іске қосылып, онда шамамен 3 мың жас шеберліктерін шыңдамақ.
Мамандар оқыту курстарын цифрландыру жұмыстары іске аса бастағанын айтады. Жыл соңына дейін барлық курстардан онлайн өту мүмкіндігі тумақ. Бұл өз кезегінде алдағы жылдары жастарды оқытуға бюджет қаражатын үнемдеуге септігін тигізбек.
Тағы бір жаңашылдық – «Jobfair365» жұмыспен қамту платформасымен бірлесіп «Jasalmaty.kz» порталын құру. Платформаның басқа ұқсас құралдардан ерекшелігі – ақысыз негізде жұмыс іздеп, сертификат алу арқылы қысқа мерзімді курстардан өтуге болады. Біріктірілген бұл бастама жұмысқа орналасу және оқу үдерісін айтарлықтай жеңілдетпек. Қазіргі таңда порталға 3,7 мың бос жұмыс орны енгізіліп, 1,5 мың жұмыс беруші тіркелген.
«Ақпан айында біз қалалық мансап орталығын аштық. Егер бұрын мансап орталықтары әр оқу орнында бөлек жұмыс істесе, қазір олар біріктірілген. Бұл бір алаңда жұмыс берушілермен, жұмыспен қамту орталықтарымен және басқа құрылымдармен іс-әрекетті үйлестіруге мүмкіндік береді. Жыл басынан бері қала аудандарында 26 мың адамды, оның ішінде NEET санатындағы жастарды қамтыған мансап күндері өткізілді. Жеке бастамалар аясында шағын және орта бизнес субъектілері 20,8 мыңнан астам жасты, оның ішінде NEET санатындағы жастарды жұмысқа орналастырды. Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба іске асырылып келеді. Бұл бағытта 6,5 мың жас жұмысқа орналасқан болса, оның ішінде NEET жастары да бар. Сонымен қатар «Жасыл ел» жобасы аясында 2,1 мың азамат еңбекке тартылды. Осылайша, жыл басынан бері NEET жастарды қосқанда барлығы 27,4 мың жас жұмысқа орналасты», дейді Ә.Қажденбек.
Жоғарыда атап өткен жол картасы негізінде жыл соңына дейін қалада 8 жастар комунити-орталығы ашылмақ. 2025 жылдың соңына дейін олардың санын 16-ға жеткізу көзделген. Қалада қазір «Оңай» картасының базасында коммуналдық орталықтардың резиденттері үшін клубтық карточкалық жүйені іске қосу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Карта көлікке, қоғамдық тамақтануға, спорттық және мәдени инфрақұрылымды пайдалануға жеңілдіктер береді. Бүгінде мегаполисте бос уақытты пайдалы жұмсауға, қосымша дағдыларды қалыптастыруға, кәсіптік бағдарлауға және жастарда тәуелділіктің алдын алуға бағытталған 100 бос уақыт өткізу орталығы жұмыс істеп тұр. Келер жылы мұндай орталықтардың біразын қайта жаңғырту жоспарланған.
Алматыда жыл сайын мыңнан астам мәдени, спорттық іс-шара өтеді. Егер бұрын олар жастардың жалпы санына бағдарланған болса, қазір NEET санатындағы жастарға тікелей бағытталған іс-шаралар іске қосылған. «Жоғарыда аталған іс-шаралар кешені Алматы қаласындағы NEET жастардың үлесін 2023 жылдың І жартыжылдығында 8,3 пайыздан (53,8 мың) 7,4 пайызға (47,8 мың) дейін төмендетуге мүмкіндік берді, ал осы жылдың соңына қарай – 6,5, 2025 жылдың соңына қарай – 5,2 және 2030 жылдың соңына қарай 4 пайызға дейін қысқарту жоспарланып отыр», дейді Жастар саясаты басқармасындағылар.