
Қазақстанның Әскери-теңіз күштері әскери-теңіз базасының материалдық-техникалық қамтамасыз ету батальонының өрттен қорғау және құтқару жұмыстары командасының аға матросы Асылхан Әдиев Ақтауда өткен спорттық және жауынгерлік самбодан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында айрықша нәтижеге қол жеткізді. 23 жасқа дейінгі жас спортшылар арасында ұйымдастырылған жарыста ол 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс жүлдені иеленіп, танымал балуан Саламатұлы Қаралда атындағы жүлденің иегері атанды.
Боз кілемде елдің барлық өңірлерінен келген 200-ден астам спортшы бақ сынаған тартысты жарыс барысында аға матрос Әдиев өзінің техникасы мен тактикасын, сонымен қатар жоғары спорттық даярлығын айқын көрсете білді. 71 келіге дейінгі салмақта 25 қатысушы арасындағы қатаң сыннан сүрінбей өтіп, күміс жүлдеге ие болу оның кәсіби деңгейінің биік екендігін дәлелдейді.
Асылхан Әдиев чемпионаттағы жеңісі туралы былай деп атап өтті:
— «Спорт – нағыз Отан қорғаушы тәрбиелеудің маңызды элементі. Менің міндетім – самбоны насихаттау ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның Әскери-теңіз күштерін халықаралық аренада лайықты таныту», — деді ол.
Жас спортшының спорттық жолы ерте басталған. Асылхан 7 жасынан бастап дзюдо мен самбомен айналыса бастады. Отбасының спортқа деген ықыласы мен қолдауы оның жетістіктеріне ықпал еткен. Оның атасы Әдиет қазақ күресімен айналысып, ұрпаққа ұлттық күрес дәстүрін жеткізсе, ағасы Әлихан дзюдо мен самбодан жарыстарға қатысып, отбасының спорттық дәстүрін жалғастырып келеді.
Жарысты ұйымдастырушылардың айтуынша, Ақтауда өткен спорттық және жауынгерлік самбодан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты – елімізде осы спорт түрін дамытуға үлкен серпін беретін шара. Бұл жарыс Қазақстан спортшыларының халықаралық деңгейдегі жетістіктерге жету жолындағы маңызды баспалдағы болып табылады.
Әскери-теңіз күштерінің командалары мен спортшылары ел намысын қорғауда, әскери қызмет пен спортты біріктіре отырып, жоғары кәсіби деңгейде өнер көрсетуге бағытталған. Асылхан Әдиев сияқты жас әскери қызметшілердің жетістіктері – ұлттық қорғаныс күштерінің рухы мен мықты әлеуетінің жарқын көрінісі.