Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру онлайн форматқа өтуіне байланысты компьютерлер, планшеттер мен ноутбуктер сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Еліміздің бес өңірінде білім басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты 2020 жылы Үкіметтің шұғыл шығындары есебінен компьютерлер, планшеттер мен ноутбуктер сатып алуға бөлінген қаражатты жымқыру дерегі бойынша алты қылмыстық іс тергеліп жатыр», — деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аса маңызды істері жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров.
Оның айтуынша, қаражат білім беру онлайн-форматқа көшуіне байланысты, сондай-ақ мектеп оқушыларын, оның ішінде аз қамтылған отбасыларды техникамен қамтамасыз ету үшін шұғыл қажеттіліктерге бөлінген.
Антикор өкілі мәліметіне сүйенсек, іс ішкі мемлекеттік аудит актілерін тексеру негізінде тіркелген. Соталды тергеу жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы білім бөлімінің қызметкерлері кедей отбасынан шыққан балаларға арналған Үкімет резерві есебінен сатып алынған ноутбуктерді ұрлады деген күдікке ілінген еді.