Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Қарағанды қалаларында есірткі сатушыларды құрықтау бойынша ірі арнайы операция өтті. Тәртіп сақшылары қылмыстық кәсіпті ұйымдастырушыларды анықтап, қамауға алды. Есірткі қылмысымен күресушілер 1 миллиард теңгеден аса сомаға «синтетикалық» заттың жүз мың дозасын тәркіледі. Бірақ қылмыскерлер компоненттерден 24 миллиард теңге пайда түсіруді көздеген, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері төрт ірі есірткі зертханасын анықтады. Олардың екеуі Қарағанды, біреуі Ақмола облыстарында. Тағы біреуі Павлодарда анықталған. Арнайы операция барысында есірткі зертханасын ұйымдастырушы 30 жастағы ер адам ұсталды. Қарағанды облысының тұрғыны дайын «синтетиканы» бүкіл Қазақстанға таратып отырған.
«Тінту кезінде ұсталған азаматтың үйінен 3 келіден аса дайын мефедрон, 35 литр сұйықтық түріндегі есірткі, сондай-ақ 3 мың литр сұйықтық және 50 келіге жуық ұнтақ түріндегі компонент тәркіленді», — деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин.
Полицияның мәліметіне сүйенсек, бұған дейін де ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) белсенділері ұсталған. Олардың ішінде Алматының 32 жастағы, Ақмола облысының 35 жастағы және Павлодар облысының 21 жастағы тұрғыны болған.
«Жалпы ҰҚТ-ның барлық мүшесінен сатуға дайын 50 келіден аса есірткі тәркіленді. Бұл 100 мың доза. Олардың бағасы «қара нарықта» шамамен 1,6 миллиард теңге», — деді полиция өкілдері.
Сарапшылардың айтуынша, ұсталғандар тәркіленген компоненттерден 24 миллиард теңге сомасына шамамен бір жарым миллион доза дайындаған.
Еске сала кетейік, 31 наурызда Ақтөбе полицейлері есірткі сатушылардан 27,2 миллион теңге сомасына тыйым салынған заттарды тәркілеген еді.