Нұр-Сұлтанда полицейлер арнайы операция өткізді. Нәтижесінде тұрақты түрде елордаға есірткі заттарын жеткізіп тұрған «арна» жойылды, — деп хабарлайды ADYM.KZ Egemen.kz басылымына сілтеме жасап.
«Ұсталған азаматтың үйін, автокөлігін тінту барысында үш полиэтилен пакет пен «марихуана» салынған бес оралған түйіншек, 7 440 000 теңге сомасындағы ақшалай қаражат тәркіленді. Алынған есірткі заттарының жалпы салмағы үш келі. Одан тұтыну үшін 300-ден аса «марихуана» дозасын алуға болады. Бағасы «қара нарықта» ақшалай баламада алты миллион теңге», делінген хабарламада.
ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі «Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау» және ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігі «Атыс қаруын (тегiс ұңғылы аңшылық қаруынан басқа), оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ұсталған адам Нұр-Сұлтан қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.