Павлодарда қонақүйлердің бірінде 33 жастағы ер адам төртінші қабаттан лифт шахтасына құлап кеткен. Зардап шеккен азаматты лифт шахтасынан шығару үшін құтқарушылардың көмегі қажет болды. Қазір ол ауруханада ауыр халде жатыр, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметі оқиға 28 қаңтарда кешке орын алған деп хабарлады.
«Қонақүй әкімшісі 112 бірыңғай қызмет пультіне қоңырау шалып, қонақүйде тұратын ер адам лифт шахтасына құлап кеткенін хабарлады. Құтқарушылар оқиға орнына дереу жетіп, арнайы құралдардың көмегімен ер адамды лифт шахтасынан алып шықты», — деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Ер адам лифтке кірген сәтте құлап кеткені хабарланды. Нәтижесінде ол бірнеше дене жарақатын алған.
«Зардап шекен азаматқа мидың шайқалуы, кеуде қуысы мен омыртқа жарақаты диагнозы қойылған. Ол Павлодар қаласының №1 қалалық ауруханасының политравма бөлімшесінде жатыр. Жағдайы тұрақты ауыр. Қажетті зерттеулер жүргізіліп жатыр», — деп түсіндірді Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Оқиғаның мән-жайы анықталады.