Новосибирскідегі әуежайда жүк тасымалдайтын Ан-124 ұшағы шұғыл түрде қонды. Ресей авиациясы өкілі оған қозғалтқыштағы ақау себеп болғанын айтты, — деп хабарлайды ADYM.KZ РИА Новости сілтеме жасап.
«Волга-Днепр» авиакомпаниясының ұшағы Новосибирскіден Венаға ұшып шыққан, бірақ қозғалтқыштардың біріндегі ақауға байланысты экипаж ұшқан әуежайына оралуға шешім қабылдады. Қону кезінде Ан-124 ұшу-қону жолағынан шығып кетті.
«Алдын ала ақпарат бойынша, қону кезінде пневматика мен сол жақ негізгі тірекке зақым келген», — деді Ресей авиациясының өкілі.
Ұшақта 14 адам болған. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Шұғыл қону кезінде Ан-124 ұшағы ұшу-қону жолағын зақымдаған. 10 рейс қосалқы аэродромдарға жіберілген, ал екінші ұшу-қону жолағы дайындалып жатыр.
Сонымен қатар, Толмачево әуежайынан бірнеше шақырым жерде шұғыл қонуға мәжбүр болған Ан-124 ұшағының сынықтары табылды. Ол ұшақтың көтерілу жолында жатқан.
Ан-124 көтеретін жүк көлемі бойынша дүние жүзінде екінші орында тұр. 1982-1988 жылдары ол өлшемдері бойынша әлемдегі ең үлкен ұшақ болған.