Шымкент қаласындағы Бадам шағын ауданына қарасты 195-орам тұрғындары биыл толығымен ауыз су мен көгілдір отынға және электр жарығымен қамтамасыз етілетін болады. Аталған шағын ауданның тұрғындарымен кездескен Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов осылай деді, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында аудан әкімі барлық инфрақұрылым жұмыстары аяқталған соң асфалть жол төселіп, қоғамдық көлікте қатынайтынын жеткізді. Сондай-ақ, ол алдағы уақытта мектеп пен балабақша салынатынын да атап өтті. Жалпы аталған өзекті мәселелер аудан басшылығының ұдайы тұрақты бақылауында, сондай-ақ проблемаларды шешу бағытында тұрақты жұмыстар эүргізіліп келеді.
Бұған дейін 195-орамдағы 300-ге жуық отбасы суды тасымалдап пайдаланып келген болса, жеке меншік қуат реттегіштен қымбат энергия жарығын алып келген.
Мамыр айында басталған құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Жауапты мердігер компания «Жәнібек Айдос» ЖШС-нің прорабы Теңел Жақсымұратов нысанды қараша айында тапсырамыз деп отыр.