
Бұл ерекше шара мемлекеттік деңгейде қолдау тапқан және әскери қызметтің беделін арттыруға, жас мамандарды кәсіби өсуді ынталандыруға бағытталған маңызды бастама ретінде қабылданды.
Салтанатты жиынға Қорғаныс министрінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев қатысты. Ол салтанатты рәсім барысында жауынгерлік оқу үздіктерін құттықтап, 2024 жылдың көктемінде мерзімді әскери қызметтен өткен 22 сарбазға оқу сертификаттарын табыс етті. Бұл сертификаттар Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай-ақ, жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді.
Генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың айтуынша, бұл мемлекеттік бастама Қарулы күштер, Мемлекеттік күзет қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Шекара қызметі мен Ұлттық ұлан сияқты ведомствалардың әскери бөлімдерінде мерзімді қызмет еткен 17 500-ден астам сарбазды қамтыған үлкен конкурстық іріктеудің нәтижесі болып табылады. Сонымен қатар, әскери оқу орындарына түсіп, офицерлік жолды таңдаған жастардың бар екеніне ерекше назар аударды.
Министрдің орынбасары мемлекеттік органдар мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтар үшін түрлі жеңілдіктерді арттыру бағытында жұмысын жалғастыра беретінін және әділ әрі ашық іріктеуді қамтамасыз ету мақсатында «Sarbaz 2.0» ақпараттық жүйесі құрылып, барлық әскери бөлімдер мен сарбаздардың үлгерімі, тәртібі жүйелі түрде бақылауда екенін мәлімдеді.
Енді мерзімді әскери қызметін абыроймен атқарған азаматтар Ұлттық бірыңғай тестілеусіз ғана емес, мемлекет есебінен оқуға түсе отырып, шәкіртақы алуға, тегін жатақханада тұруға және әскери кафедраларға конкурссыз қабылдануға құқықты. Бұл шара олардың оқу мен қызметтегі табысты дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.
Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан азаматтық жоғары оқу орындарына 2010 грант бөлінсе, Қорғаныс министрлігінің әскери институттарына 253 орын, Ұлттық ұлан академиясына 36 орын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі академиясына 12 орын және Төтенше жағдайлар министрлігінің оқу орнына 3 орын бөлінді.
Мерзімді әскери қызметін Қорғаныс министрлігі Әуе қорғанысы күштерінің 44813 әскери бөлімінде өткен Владислав Внуковский сарбаздар атынан ризашылық сөз сөйлеп, әскери қызметтің тәртіп, төзімділік және ұжымдық жұмысты үйренудің керемет мектебі болғанын атап өтті. Ол еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығын қорғауда кәсіби армияның бір бөлігі болуын мақтан тұтатынын жеткізді. Владислав бүгінгі күні қолына алған сертификаты арқылы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына түсіп, әкесінің жолын қуып, офицер болуды мақсат етіп отырғанын айтты.
Іс-шараға әскери қызметі арқасында жетекші жоғары оқу орындарына түскен елордалық студенттер, сарбаздар және олардың ата-аналары қатысты. Бұл жиын жас сарбаздардың еңбекқорлығын бағалау мен олардың болашақтағы кәсіби жетістіктеріне деген сенімнің көрінісі болып, әскери қызмет пен білім арасындағы байланысты нығайтуға тың серпін берді.
Жалпы, мемлекеттік гранттарды беру бастамасы мерзімді әскери қызметтің мәртебесін арттырып, жас мамандардың сапалы білім алуы мен кәсіби дамуына қолдау көрсетудің маңызды құралына айналып отыр. Бұл шара болашақта Қазақстанның қорғаныс қабілетін арттыруға үлес қосатын жоғары білікті мамандар даярлауға жол ашады.